Отандастарым сияқты мен де Талдықорғандағы №4 орта мектепте түсірілген мұғалім мен оқушы арасында жағдай туралы видеоны көрдім. Әрине, оқушының ұстазға дауыс көтеріп сөйлегені көңілімді түсірді. Қай заманда болмасын азаматтарымыз үлкендерге, әсіресе ұстаздарға құрметпен қарайтын, оларды сыйлайтын. Үлкенді сыйлау, отбасы құндылығы, адалдық, инабаттылық, еңбексүйгіштік, білімге құштарлық, заңға бағыну және отансүйгіштік болашақ ұрпақты тәрбиелеудің негізі болуы керек, - деді Аймағамбетов.
Министрдің №4 орта мектептің мұғалімімен телефон арқылы сөйлескені белгілі болды. Ол білім саласында 11 жыл бойы қызмет етіп келеді.
Әріптесіме қолдау сөздер айтып, қажырлы еңбегі, шыдамдылығы мен адалдығы үшін алғыс білдірдім. Оқушы мен кәмелетке толмаған балалар үшін жауапты ата-анаға қатысты заңнамаға сәйкес шара қабылданады. Әкімшілік хаттама толтырылды. Сондай-ақ баланың ата-анасына қатысты әкімшілік іс қозғалды, - дейді Аймағамбетов.
Министрдің айтуынша, ендігі шешімді Алматы облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты қабылдайды.
Өз тарапымыздан педагогтерге деген мұндай қарым-қатынасты, көзқарасты жойып, жолын кесу үшін қатаң шаралар қабылдайтынымызды ескертемін. Қоғамда мұғалімнің мәртебесі жоғары болуы керек. Бұған дейін оқушыға психологиялық көмек көрсету және оны есепке қою туралы мәселе қаралатынын хабарлаған болатынбыз. Мұндай жағдайда ата-ана мен мектептің бірлесе жүргізетін тәрбие жұмысы маңызды рөл атқарады. Балаларды үлкендерге, әсіресе қоғамымыздың дамуына үлес қосып жүрген ұстаздарға құрметпен қарау сияқты қасиеттерге баулуға шақырамын. Асхат Аймағамбетов
11 наурызда биология сабағында 2005 жылғы оқушы мұғалімімен сөзге келіп, дауыс көтеріп, балағат сөздер айтқан. Осы оқиғаға қатысты мұғалім полицияға арыз жазды.
Қазіргі уақытта оқушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы, 1-бөлігі, яғни "Ұсақ бұзақылық" бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.