Еліміздің әскери қауіпсіздігін қамтамасыз ету, отансүйгіштікке тәрбиелеу, жастарды алғашқы әскери даярлықтан өткізу және офицерлер даярлау – ол ортақ міндет. Ал осы бағытта біздің министрлік өте маңызды рөл атқарады. Осыған байланысты біз бірнеше ұсынысты қолға алдық.Асхат Аймағамбетов
Білім және ғылым министрі өзінің Facebook-тегі парақшасында пост жазып, жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, алғашқы әскери даярлықтан өткізу және офицерлер даярлау бағыты бойынша қандай ұсыныстар қарастырылатынын жеткізді. Асхат Аймағамбетовтың айтуынша, мерзімді әскери қызметті өткерудің тартымдылығын арттыру үшін министрлік әскери борышын өтеген университет және «Кадет» сыныбын бітірген түлектер грант алу үшін 5% квота бөлуді ұсынды. Бұл дегеніміз жыл сайын 3 000-нан астам грант.
Оның үстіне университет түлектері әскери қызметтен өткен жағдайда грантты 3 жыл бойы өтеу мерзімінен босатылады. Қазір мемлекет есебінен оқығандардың барлығына оны өтеу талабы қойылатынын еске сала кетейін. Бұл оқуға түсушілерді ынталандырып, әскери қызметке деген қызығушылықты арттырады деп ойлаймын.Асхат Аймағамбетов
Министрлік әскери қызметте немесе бітімгершілік және басқа да арнайы операцияларға қатысып, қаза тапқан әскери қызметшілердің балаларына университеттерде оқуға гранттар беру туралы норманы енгізуді ұсынып отыр.
Сонымен қатар мерзімді әскери қызметін өтеп жүргендердің білім алуына қатысты ұсыныс бар. Қазір олардың әскери қызметті өткеруіне байланысты білім алуға мүмкіндіктері көп емес. Сол себепті олар үшін жаппай онлайн курстар ашуды жоспарлап отырмыз.
Сарбаздардың оқу нәтижелерін қайта тексеруге және қысқа мерзімді курстардан өтіп, біліктілік емтиханын тапсырып, оларға жұмысшы мамандығын алғаны туралы диплом беруге дайынбыз. Тағы бір маңызды бастама – кейбір әскери бөлімдерде колледждер ашу. Осы мәселе бойынша талдау жүргізіліп, нақты шешім қабылданады.Білім министрі
Білім және ғылым министрлігінің әскери қызметтің тартымдылығын арттыру бағыты бойынша басқа да ұсыныстары:
«Университеттердегі әскери кафедраларды оңтайландырып, қайта қарау. Студенттерге нашар білім беріп, сапаны көтеруді ойламайтын әскери кафедраларды жабу қажет деп санаймыз. Сонымен бірге әскери кафедралардың барлық қызметкерін қайта аттестациядан өткізу керек. Оқуға қабылдаудың нақты, ашық және шынайы ережелерін қабылдаған дұрыс. Сонымен бірге мемлекеттік тапсырыстың құнын арттыру қажет.
Кадет сыныптарының түлектеріне әскери-техникалық бағыттағы ЖОО-ларға қабылдау кезінде квота қарастыруды ұсынамыз. Жалпы НҚА-да кадет сыныптарының жұмысы регламенттеледі. Қазір елімізде жалпы білім беретін мектептердің кадет сыныптарында 22 мыңнан астам оқушы білім алып жатыр. Оқу бағдарламалары, ынталандыру пакеттері және басқа да мәселелер Қорғаныс министрлігімен бірлесіп шешіледі.
«Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәні бойынша оқу бағдарламасын тәжірибеге бағытталған білім мен машық алу бағытында жаңартып жатырмыз. Біз Қорғаныс министрлігінен 5 күндік әскери-дала оқу-жаттығу жиындарын өткізу үшін оқу полигондарын беруді сұрадық, бұл «Алғашқы әскери және технологиялық дайындық» пәнінің бағдарламасында бар.Білім министрі