Жедел кеңес барысында жаңа оқу жылына 6 936 мектеп, оның 99%-ы немесе 6 924 мектеп интернет желісіне қосылғаны айтылды.
Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясовтың айтуынша, 6924 мектептің 5773-інде немесе 83%-ында интернет жылдамдығы 8 Мбит/с-тен 200 Мбит/с дейін, 1151 мектепте немесе 17%-ында интернет жылдамдығы 8Мбит/с-ден төмен.
Оның айтуынша, мектептердегі компьютерлік техникаға да ревизия жүргізілген. Мәселен, бүгінде білім беру ұйымдарында 3,3 миллион оқушыға 961 мың компьютерлік техника, оның ішінде 503 855 компьютер, 388 397 ноутбук, 69 211 планшет бар.
Мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз ету мәселесіне келсек, әлі де сұрақтар бар. Шалғайдағы шағын елді мекендердегі мектептерде интернетке қосылу мәселесі бар. Бірақ техникалық мүмкіндіктері бола тұра жергілікті бюджеттен қаржы жеткіліксіз болғандықтан жоғары жылдамдықты интернеті жоқ оқу орындары да кездеседі. Оқу жылына дейін уақыт бар. Интернетке қосылу жағынан динамика жаман емес. Дегенмен 1 қыркүйекке дейін барлық мәселе шешілуі керек. Егер техникалық мүмкіндік болса, онда мектептер қалаған тарифтік жоспарға ауысып, жоғары жылдамдықты интернетке ауысуы керек.Білім министрі Асхат Аймағамбетов