15 жастағы Ерасыл мен 14 жастағы Қанаттың батылдығының арқасында өрттен ешкім зардап шекпеген. Екеуі көршілерінің көмек сұраған айғайын естіп, өрт сөндірушілерді шақырған және олар келгенге дейін өртті өздері сөндіре бастаған.
"Сендерге адам өмірін құтқаруға қадам басқан ержүрек батырлықтарың үшін зор алғысымды білдіремін. Өз өмірлеріңе қауіп төніп тұрса да, тәуекелге бел буып, нағыз ерлік жасап, үлкен қайғының алдын алдыңдар. Мұндай әрекетке барудың өзі үлкен жүректілік пен батылдықты, қайсарлықты талап етеді. Жасаған қадамдарың рухы берік, нағыз батырдың әрекеті деп білемін. Сендер болашақта ата-бабамыздан мирас болып қалған еліміздің кең даласын, асқар тауын, сарқырап аққан көк өзенін қорғайтын, халықтың мақтанышына айналатын нағыз патриот азамат болып шығатындарыңа сенімім мол. Болашақтарың жарқын болсын!", – деп жазды министр жолдаған алғыс хатында.
Еске салайық, оқиға 23 қаңтарда сағат 16:38-де Қарағандыдағы Жеңіс көшесінде болған. 6 шаршы метр аумақта тұрғын үйге жалғанған қазандықтың жиһазы, тұрмыстық техникасы, ішкі ағаш қаптамалары, төбесі жанған.
Өртті өрт сөндірушілер сөндірді. Өрт кезінде қарды тазалауға көрші үйде тұратын 15 жастағы Ерасыл мен 14 жастағы Қанат көмектескен. Олар көршілерінің үйінен түтін шығып жатқанын көріп, көмекке ұмтылған. Бөлмеде ер мен әйел адам болды. Жасөспірімдер бірі балдақпен қозғалатын екі зейнеткерге таза ауаға шығуға көмектескен. Киім-кешек пен құжаттарды да шығарып үлгерген. Олар көрші Русланды көмекке шақырып, өрт сөндірушілерді шақырып, өрт сөндірушілер келгенге дейін қолдан жасалған құралдармен өртті сөндіруге кіріскен. Осының арқасында екі адам аман қалып, өрттен келген шығын барынша азайған.