Құрандағы «Ниса» сүресінің 119-аятында былай делінген: Ібіліс шайтанның былай деп ант ішкенін ескертеді: «Оларға Алланың жаратылысын өзгертсін деп әмір етемін».
Сонымен қатар пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Алла Тағала денеге сурет салушыны, сурет салғызғанды, қас терушіні, қас тергізгенді, әдемі көріну мақсатында тістерінің арасын ашқандарды, Алланың жаратылысын өзгерткендерді лағынеттеді», – деген.
Демек артық әсемдік үшін немесе табиғи кәрілікті жасыруға, табиғи бейнеден тыс жаратылысты өзгертуге алып барса, сонымен бірге одан айлакерлік пен көзбояушылықты ниет етсе, онда шариғатымыз ботокс жасатуға қатаң түрде тыйым салады. Алайда адам мүшесіндегі қандай да бір ақауды кетіру, туабітті немесе кейіннен пайда болған кемістіктерді қалпына келтіру секілді қажет емделу іс-әрекеттеріне рұқсат беріледі, - делінген Мұнара газетінде.
Дегенмен ботокстың зияны басым немесе зияны мен пайдасы тең болса, онда оны қолдануға тыйым салынады. Себебі шариғатымызда өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге рұқсат жоқ. Сонымен қатар екі зиян нәрсе тап болса, оның жеңілі қалдырылып, үлкені жойылады делінген.