Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысындағы қайғылы жағдайға қатысты көңіл айтты
Фото: akorda.kz
Бұл туралы Мемлекет басшысының көмекшісі – баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың мәлімдемесінен белгілі болды.
Ресми ақпаратқа сәйкес, үкімет пен облыс әкіміне қаза тапқандардың жақын туыстарына барлық қажетті көмекті көрсету және орын алған қайғылы оқиғаның себебін анықтау бойынша тергеу жүргізу тапсырылды.
Бүгін, 2025 жылдың 18 қарашасы, таңғы уақытта Түркістан облысы ТЖД-ның 101 пультіне Жетісай ауданына қарасты Алғабас ауылындағы екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түсті.
Өртке қарсы қызмет бөлімшесі оқиға орнына жеткен кезде тұрғын үйдің толықтай өртке оранғаны анықталды.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды.
Көршілердің айтуынша алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған.
Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді.
Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себептері анықталуда.