Қан қысымы аппараты және табиғи тас: Алматының үздік тауарлары анықталды

Алматы қаласы бойынша «Қазақстанның үздік тауары» өңірлік көрме-байқауы өтті. Байқауға 80-ге жуық алматылық компания өтінім берді. Биыл көрме ҚР Тұңғыш Президенті саябағында ұйымдастырылды. Қаз қатар тізілген ақ шатырлар отандық өнімнің түр-түрін қала тұрғындары мен қонақтарына ұсынды.

Алматы әкімдігінің хабарлауынша, азық-түлік өнімдері, ұлттық нақыштағы бұйымдар, киім, аяқкиім, көрпе-жастықтан бастап, кабель, жиһаз, адамның қан қысымы мен жалпы жай-күйін бірден анықтайтын жоғары технологиялық аппараттар қойылды.

Мынадай үш номинация бойынша "Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар", "Халыққа арналған үздік тауарлар тауарлар", "Үздік азық-түлік тауарлары" үздік тауар өндірушілер анықталды. Жеңімпаздарды жергілікті атқарушы органдар, бизнес-қоғамдастық, кәсіпкерлер палатасы жанындағы өңірік кеңестің мүшелерінен құрылған арнайы комиссия анықтады. Әр номинация бойынша 3 жеңімпаз іріктелді. Өңірлік іріктеудің жеңімпаздары жылдың соңында ҚР Президентінің қатысуымен өтетін республикалық байқауға қатысады.


Сурет: Алматы әкімдігі


Алматы қаласы кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының мәліметінше, оңтүстік астана – Қазақстандағы кәсіпкерлік бастаманың орталығы. Қалада өңірлік экономиканың жартысынан астамын (53,9%) құрайтын шағын және орта бизнес дамыған. Онда 871,9 мың адам немесе экономикалық белсенді халықтың 79,5%-ы жұмыс істейді.

"Бүгінде шағын және орта бизнес қала экономикасының іргетасы іспетті. Қалада барлығы 380 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъекті тіркелген. Бұл 2022 жылмен салыстырғанда 22%-ға жоғары көрсеткіш (312 784 бірлік). Жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің саны 323 083 бірлікті құрайды. Бұл 2022 жылдың ұқсас кезеңінен 39%-ға жоғары (233 030 бірлік). Республика бойынша жұмыс істеп тұрған ШОК субъектілерінің жалпы санындағы Алматының үлес салмағының шамамен 16,2% құрайды, сол арқылы осы көрсеткіш бойынша мегаполис жыл сайын Қазақстан бойынша бірінші орынды алады", – деп атап өтті Алматы қаласы Кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының жетекшісі Берік Солтанбаев.
Алматы Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: