Депутаттарға заң жобасын Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы таныстырды.
"Заң жобасы еліміздің 2028 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму болжамы негізінде әзірленді. Бюджет параметрлері кепілдендірілген трансферт, шығыстардың өсу қарқыны және бюджет тапшылығына қатысты қағидаттарға сай келеді. Жалпылай алғанда, 2024 жылға бюджет түсімдері 20,4 трлн теңге деңгейінде болады деп болжанады. Трансферттерді есепке алмағанда 2024 жылғы кірістер көлемі 16,1 трлн теңге немесе түсімдердің жалпы сомасының 80% мөлшері деп жоспарланады. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған, оның ішінде нысаналы трансферт - 1,6 трлн теңге", - деді ол.
Оның айтуынша, бұл қаражаттар әлеуметтік маңызы бар және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады. Оның ішінде автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ "Жайлы мектеп" және "Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту" сынды ұлттық жобалар шеңберінде бірқатар әлеуметтік нысандарды салуға жұмсалмақ.
"2024 жылы бюджет тапшылығы жалпы ішкі өнімге шаққанда 2,6% деңгейінде болады деп болжанады, ал 2026 жылға қарай біртіндеп 2,3%-ға дейін төмендейді. 2024 жылғы бюджет шығыстары 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Атап айтқанда, бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі және ол 2024 жылғы бюджет шығыстарының 40%-дан астамын құрайды. 2024 жылға арналған әлеуметтік төлемдер шығыстары 5,3 трлн теңге сомасында көзделген, оның ішінде базалық зейнетақы мен жәрдемақылар инфляция деңгейіне сай қайта есептелген, қамсыздандырылған зейнетақы – инфляциядан 2% жоғары", – деп толықтырды сөзін вице-министр.
Балалары бар отбасыларды қолдау үшін бала күтімі кезеңі 1,5 жасқа дейін ұлғайтылды, 2023 жылдан бастап 93 мыңға жуық көп балалы аналардың жәрдемақысы ұлғайтылды. Бұл мақсаттарға 2024 жылы 93,3 млрд теңге қарастырылған.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, әйелдердің зейнеткерлік жасы 2028 жылға дейін 61 жас деңгейінде қалады. Бұл 150 мыңнан астам адамға әсер етеді және есептілік кезеңінде шамамен 473 млрд теңгені қажет етеді.
Халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,5 трлн теңге қарастырылған.
Білім беру саласын дамытуға арналған шығыстар 2023 жылға қарай 291 млрд теңгеге өсіп, 1 трлн теңгеден асты.
"Ауылдағы денсаулық сақтау саласын жаңғырту" ұлттық жобасын іске асыруға 2024 жылға арналған бюджет жобасына 35,1 млрд теңге қарастырылған. Бұл 4 миллионнан астам ауыл тұрғындарын мамандандырылған медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.
2024 жылғы республикалық бюджетте спорт, туризм және мәдениет салаларын дамытуға 298 млрд теңге көлемінде қаражат жоспарланған.
Келесі жылы ақпарат пен қоғамдық даму саласына арналған бюджет шығыстары 77 млрд теңге сомасында болады деп жоспарланады. Бұл қаражат мемлекеттік ақпараттық саясатты, қоғамдық даму мен келісім шараларын жүргізуге, сондай-ақ жастар мен отбасы саясатын іске асыруға бағытталатын болады.
Бұл ретте экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2024 жылға 2,8 трлн теңге көзделген. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі ірі жобаларды қаржыландыруға 120 млрд теңге бағытталатын болады.
Жалпылай алғанда, 2024 жылға арналған жалпымемлекеттік шығыстар 2023 жылға қарағанда 713 млрд теңгеге өсті. Мұнда ең көп үлес субвенцияға (бюджетаралық трансферт) тиесілі - 5,3 трлн теңге.
"Үкіметтік қарызға қызмет көрсету шығыстары - 2 трлн теңге, бұл бағалы қағаздардың ішкі нарығын дамыту басымдықтарына сай келеді. Бұдан бөлек, шұғыл шығындарды қамтамасыз ету және төтенше жағдайларды жою үшін үкіметтік резервке 417 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр. Мемлекет басшысының бастамаларын жүзеге асыру үшін - 100 млрд теңге", - деп сөзін түйіндеді Абзал Бейсенбекұлы.