Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда сұйытылған мұнай газының бағасы АИ-92 бензині мен дизель отынымен салыстырғанда айтарлықтай төмен екенін айтты.
"Бұл автомобильдерді жанармайдың осы түріне жаппай көшіруге түрткі болды. Оның үстіне автокөліктерді газға қолдан ауыстыру әдістері пайда болды. Энергетика министрлігі бұл ресурс елімізде шектеулі екенін бірнеше рет мәлімдеген, тұтынудың мұншалықты өсуін қанағаттандыруға жеткіліксіз.Біз мұны көлік иелеріне ескертіп, көліктерді газға қосуды ұсынған жоқпыз", – деді Алмасадам Сәтқалиев.
Министрдің айтуынша, жыл басынан бері сұйытылған мұнай газын тұтыну 25%-дан астамға өскен.
"Тапшылықты жабу үшін министрлік бірқатар шұғыл шара қабылдады. ТШО шамамен 66 пайызын ішкі нарыққа жіберді. Біз "Қазмұнайгаздан" ай сайын 10 мың көлем алып отырдық, яғни, олардың барлық көлемін ішкі нарыққа шығардық. Алайда ресурс шектеулі, бүгінде біз ішкі нарықты басқа көздерден қамту мүмкіндіктерін іс жүзінде таусып қойдық. Қазір сұйытылған мұнай газын өндіру деңгейінде баланс ұстап отырмыз. Егер мұнай өңдеу зауыттарының біріне жөндеу жүргізілсе, көлемдер ел бойынша қайта бөлінетіні және оларды қолмен басқаруға тура келетіні анық. Астанада осы жағдай болды", – деді министр.
Алмасадам Сәтқалиевтің айтуынша, елордаға жоспарланған табиғи мұнай газының көлемі жеткізілген. "Тұтынудың бақыланбайтын, болжанбайтын өсімі" тапшылыққа әкеп соқтырды.
"Кезекке байланысты мәселе туындады. Соған қарамастан жанармай құюға ниет білдіргендердің барлығына қажетті көлем жеткізілді. Қазір бұл жағдайды толығымен жою үшін жұмыс істеп жатырмыз", – деп сендірді Энергетика министрлігінің басшысы.
Алмасадам Сәтқалиев бүған қоса болашақта газ бензин бағасымен теңесетінін айтты.