Қазақстанда гуманоид роботтар өндірісі бір жолға қойылады

Сурет: pixabay
Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыт аясында елімізде жасанды интеллект саласындағы кадрлық және технологиялық әлеуетті дамыту бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде, деп хабарлайды Zakon.kz.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, соның ішінде жоғары оқу орындарында студенттердің жасанды интеллект саласындағы құзыреттерін дамытуға бағытталған AI-Sana бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Бүгін осы жұмыстың жалғасы ретінде Астанадағы Alem.ai алаңында мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, технологиялық компаниялар мен сарапшылар қауымдастығының өкілдерін біріктірген Qazbot Robotics Forum өтті. Форум аясында Қазақстанда гуманоид роботтар өндірісін іске қосу жобасы таныстырылды. Жоба робототехника, жасанды интеллект және өнеркәсіптік өндіріс бағыттарын біріктіріп, елімізде өзіндік технологиялық және инженерлік құзыреттерді дамытуға бағытталған.

"Біздің міндетіміз – дайын технологиялық шешімдерді енгізумен ғана шектелмей, Қазақстанда өзіміздің инженерлік және ғылыми құзыреттерімізді қалыптастыру. Гуманоид роботтар өндірісі университеттер, ғалымдар мен индустрияны біртұтас технологиялық тізбекке біріктіретін алаңға айналуы тиіс. Бұл – мамандар даярлау мен ғылыми зерттеулерден бастап, технологиялық шешімдерді әзірлеу және оларды өнеркәсіпте қолдануға дейінгі толық цикл. Біз білім, ғылым және өндірісті ықпалдастырудың дәл осындай моделін кеңейтуді көздеп отырмыз", – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Бүгінде елімізде жаңа технологиялық бағытты дамытуға қажетті кадрлық база қалыптасып келеді.

Қазақстандық жоғары оқу орындарында робототехника, мехатроника, өнеркәсіптік автоматтандыру, интеллектуалды жүйелер және жасанды интеллект салалары бойынша 56 білім беру бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Қазақстандық жоғары оқу орындарының AgiBot компаниясымен ынтымақтастығы жеке бағыт ретінде дамытылады. Ынтымақтастық ғалымдар, оқытушылар мен студенттерді гуманоид робототехника және жасанды интеллект саласындағы зерттеулерге тартуды, бейінді мамандар даярлауды, сондай-ақ озық робототехникалық шешімдерді Қазақстан өнеркәсібінің қажеттіліктеріне бейімдеуді көздейді.

Бұл жұмысқа Назарбаев Университетінің Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институты (ISSAI) да қосылды. Институт гуманоид робототехника саласындағы құзыреттерді дамыту бойынша ғылыми және жүйелік интеграциялық серіктес ретінде жұмыс жүргізуде.

Форум аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек QAZBOT және AgiBot басшылығымен кездесті. Тараптар жаңа технологиялық бағыт үшін инженерлік кадрлар даярлау, бейінді зертханалар құру, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу, сондай-ақ студенттер мен ғалымдарды гуманоид робототехника саласындағы жобаларға тарту мәселелерін талқылады.

Жобаны іске асыру білім, ғылым және нақты сектор арасындағы өзара байланысты нығайтып, Қазақстанда робототехника және жасанды интеллект саласындағы өзіндік инженерлік және ғылыми құзыреттерді жүйелі дамытуға негіз қалайды.

Бұған дейін судьялардың жүктемесін азайту үшін сот жүйесіне робот бағдарламасын енгізу туралы шешім қабылданғаны хабарланған.

Қазақстан
Астана
Нұрбек Саясат

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Мемлекеттік тұрғын үй қорындағы баспананы жекешелендіру тәртібі өзгерді

Пробация инспекторлары ес-түссіз жатқан сотталған азаматтың өмірін сақтап қалды

TikTok-тағы тікелей эфир: Тараз тұрғыны бес тәулікке қамауға алынды

Еңбек кодексі: тамыз айында не өзгереді және жұмыс берушілер нені білуі керек

Қызметтік көлікпен әйелді қағып өлтіріп, қашып кеткен: Алматы облысындағы ХҚКО қызметкеріне қатысты дау