Мереке күндері қарсаңында неге теңге бағамы әлсіреп, доллар күш алды – сарапшылар болжамы

Сәрсенбіде қор биржасындағы валюталар сауда-саттығының қорытындысы бойынша теңгенің долларға шаққандағы бағамы аздап әлсіреді. Мұның себебін Zakon.kz сарапшылардан сұрап білді.

Қазақстан қор биржасының деректері бойынша, 20 наурыздағы сауда-саттық қорытындысы бойынша 1 АҚШ долларының бағамы 451,27 теңгеге болып, аптаның басындағысынан баға 2 теңгеге жуық өсті.

Сурет: Kase

Осылайша, АҚШ долларына шаққандағы теңге бағамы демалыс күндері алдында аздап қысымға ұшырады. Alpari сарапшыларының бағалауы бойынша, бұл ішкі нарықтағы валюта ұсынысының қысқаруынан болуы мүмкін.

"Бұл теңге бағамының төмендеуіне, сөйтіп оның жағдайының нашарлауына түрткі болды", - деп түсіндірді Alpari-дің баспасөз қызметі.

Сарапшылар мұнай нарығында баға сенімді түрде өсіп жатқанын айтады. Мәселен, Brent маркасындағы мұнайдың бір баррелі 87,20 долларға дейін көтерілді. Қазақстан мен оның экономикасы үшін "қара алтынның" бағасының жоғарылауы қолайлы болып табылады.

Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығының жетекші сарапшысы Рамазан Досов ұлттық валюта шикізат нарығы конъюнктурасының айтарлықтай жақсаруына қарамастан аздап әлсірегенін атап өтті.

"Бұл ретте сауда-саттық көлемі сейсенбі күнімен салыстырғанда аса өзгере қойған жоқ (271,1 млн долларды құрап, + 15,7 млн көрсетті). Шетел валютасына сұраныстың жоғары болуы нарық ойыншыларының еліміздегі бес күндік демалысқа дайындығымен байланысты болуы мүмкін". Рамазан Досов

Қазақстанда 21-25 наурыз аралығы демалыс күндері  болып саналады, осы кезеңде еліміздегі қаржы нарықтары жабық болады. 

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: