Ведомствоның 2026 жылғы 26 маусымдағы мәліметінше, 2026 жылдың бірінші тоқсанындағы банктік операцияларды талдау нәтижесінде кәсіпкерлік қызметтен табыс табу белгілері байқалған жеке тұлғаларға ақпараттық хаттар жіберілген.
Мұндай хаттар төмендегі үш талап бір мезгілде анықталған азаматтарға жолданады:
- қатарынан үш күнтізбелік ай бойы жеке банк шотына 100 және одан да көп әртүрлі тұлғадан ақша қаражаты түскен;
- шот кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға арналмаған;
- көрсетілген кезеңдегі түсімдердің жалпы сомасы 12 ең төменгі жалақыдан (ЕТЖ) асқан.
МКК мұндай хатты алу азаматтың жауапкершілікке тартылғанын білдірмейтінін атап өтті.
"Мұндай хаттың жіберілуі жауапкершілікке тартуды білдірмейді. Ол ақпараттық-түсіндіру сипатында жолданып, азаматқа өз қызметін салық заңнамасының талаптарына сәйкестендіруге мүмкіндік береді", – деп мәлімдеді комитет.
Егер хат алған азамат іс жүзінде кәсіпкерлік қызметпен айналысатын болса, онда алған табысын заңдастыруы қажет.
Ол үшін:
- егер әлі тіркелмеген болса, жеке кәсіпкер ретінде тіркелуі;
- алынған табысты тиісті салық есептілігінде көрсетуі;
- салық міндеттемелерін уақытылы орындауы тиіс.
Салық мәртебесіне қарай табыс мынадай тәртіппен көрсетіледі.
Жеке кәсіпкер ретінде тіркелмеген жеке тұлғалар немесе өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимін қолданатын азаматтар (мобильді қосымша арқылы чек рәсімделмеген сомалар бойынша) табысын 2026 жылға арналған кірістер мен мүлік туралы декларацияда (270.00-нысан) көрсетуі тиіс. Декларация 2027 жылғы 1 қаңтар мен 15 қыркүйек аралығында тапсырылады, ал жеке табыс салығы 2027 жылғы 25 қыркүйекке дейін төленуі қажет.
Жеке кәсіпкерлер үшін:
- жалпыға бірдей белгіленген салық режимін қолданатындар табысын 220.00-нысан бойынша кәсіпкерлік қызметтен түскен табыс туралы декларацияда көрсетеді. Декларация 2027 жылғы 1 қаңтардан 31 наурызға дейін тапсырылып, салық 2027 жылғы 10 сәуірге дейін төленеді;
- оңайлатылған декларация негізіндегі арнайы салық режимін қолданатындар табысын 2026 жылдың бірінші жартыжылдығына арналған 910.00-нысан бойынша декларацияда көрсетеді. Оны 2026 жылғы 1 шілде мен 15 тамыз аралығында тапсырып, салықты 2026 жылғы 25 тамызға дейін төлеуі қажет.
Егер азаматтың қызметі кәсіпкерлік сипатқа жатпаса және алынған хатқа қатысты сұрақтары болса, оған 1414 байланыс орталығына немесе мемлекеттік кірістер органдарына жүгіну ұсынылады.
Еске салайық, бұған дейін, 2026 жылғы 10 маусымда, Қаржы министрлігі мобильді аударымдарды тексеру нәтижесінде 115 мың қазақстандықтың салық органдарының бақылауына ілінгенін мәлімдеген болатын.