Алаяқтар адамды әдейі асықтырып, SMS-хабарламаның негізгі мазмұнымен мұқият танысуға мүмкіндік бермейді. Яғни, курьер жіберілетін затты күтіп тұрғанын, тез жауап бермесе алушы өз кезегінен айырылып қалатынын алға тартады. Ал егер телефондағы әңгіме үзілетін болса, жеткізу қызметін қайта рәсімдеуге тура келетінін айтып асықтыруы мүмкін.
"SMS-кодты алғаннан кейін алаяқтар келесі әдіске көшеді. Ол кезде азаматқа қоңырау шалған адам өзін цифрлық үкіметтің (eGov) өкілі деп таныстырады. Әңгіме барысында оның есептік жазбасы бұзылғанын айтып, алаяқтар жеке деректерін көшіріп немесе қолды қылып жатқан болуы мүмкін деп қауіптендіреді. Сенімге кіру үшін азаматтың өзін қорғау мақсатында "Стоп-кредит" қызметі қосылғанын, ал жағдайдың өзі құқық қорғау органдарының немесе "Ұлттық Банктің қауіпсіздік қызметінің" бақылауында екенін мәлімдеуі мүмкін. Әрі қарай қоңырау желісі алаяқтық схемаға қатысатын басқа адамға да жалғанатын кездер болады. Мұндай қитұрқы әрекеттердің түпкі мақсаты – қалай да азаматтың ақшасына иелік ету", - дейді Ұлттық Банктен.
Осындай схемалар арқылы алаяқтар өз құрбанына психологиялық қысым көрсетуге тырысады. Қаскөйлер екеуара әңгіменің құпиялылығын сақтау керек деген желеумен байланысты үзбеуге, болып жатқан жағдай туралы басқа адамға айтпауға үндеуі мүмкін.
Тіпті, кейбір жағдайларда олар ақпаратты жария еткен адамға қылмыстық жауапкершілік көзделгенін айтып қорқытады. Ал, егер әңгімені үзер болса, оның қаражаты мен дербес деректерін қорғауға бағытталған процедуралардың бәрі күшін жояды деп сендіреді. Мұндай қысым азамат жақындарынан, банктен немесе құқық қорғау органдарынан кеңес алмауы үшін айналасынан көмек сұрау мүмкіндігін шектеуге бағытталады.
"Ұлттық Банк телефонға келген SMS-хабарламаны мұқият оқуға, жіберуші тарапты тексеруге және SMS-кодты ешкімге айтпауға кеңес береді. Күмәнді қоңырау түскен жағдайда әңгімені үзіп, тиісті ұйымның ресми телефон нөміріне азаматтың өзі хабарласқаны дұрыс. Есіңізде болсын, Ұлттық Банктің қызметкерлері аудио/видеоқоңырау шалмайды, жеке тұлғалардың шотына қызмет көрсетпейді, инвестициялық пай қорларына немесе өзге де қаржы өнімдеріне инвестиция салуға кеңес бермейді. Сондай-ақ Ұлттық Банк ақша құралдарын сақтандырумен айналыспайды, банк картасының паролі мен деректемелерін сұратпайды және халықпен ақшалай есеп айырыспайды". Ұлттық Банктің баспасөз қызметі
Алаяқтық әрекетке тап болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына тиісті арызбен жүгінген дұрыс.
Бұған дейін қазақстандықтар доллар мен рубльді жаппай сатып ала бастағанын жазғанбыз.