Жұма күні жарияланған баспасөз хабарламасында мынадай ақпарат берілген:
"Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені жылдық 15,75% деңгейінде, ±1 пайыздық тармақ дәлізімен белгілеу туралы шешім қабылдады".
Базалық мөлшерлеме неге төмендетілді
Біршама қатаң ақша-кредит саясаты мен теңге бағамының қолайлы динамикасы аясында жылдық инфляция қатарынан он екінші ай төмендеп, 2026 жылғы қыркүйекте 9,3%-ды құрады. Жемістер мен көкөністердің айтарлықтай арзандауы, сондай-ақ ет бағасының өсу қарқынының баяулауы нәтижесінде азық-түлік инфляциясы 9,5%-дан 8,5%-ға дейін төмендеді. Жанар-жағармай бағасының жылдық өсу қарқынының баяулауы есебінен азық-түлікке жатпайтын тауарлар инфляциясы 11,4%-дан 11,0%-ға дейін төмендеді. Реттелмейтін қызметтер бағасының жоғары қарқынмен өсуіне қарамастан, қызметтер инфляциясы 8,9% деңгейінде сақталды.
Қыркүйекте айлық инфляция 0,6%-ды құрады. Тамызда да осы деңгейде болған. Маусымдық факторларды алып тастағанда, көрсеткіш 0,9%-дан 0,7%-ға дейін төмендеді. Маусымдық әсерден тазартылған базалық инфляция бағалауларының медианасы 0,7% деңгейінде сақталды. Бұл баға қысымының сақталып отырғанын көрсетеді.
Қыркүйекте алдағы бір жылға қатысты инфляциялық күтулер тамыздағы 12,1%-дан 11,8%-ға дейін төмендеді. Нарықтың кәсіби қатысушылары 2026 жылдың соңына арналған инфляция болжамын 10,0%-дан 9,5%-ға дейін төмендетті. Ал 2027 жылға қатысты болжам тамыздағы 8,5%-дан 8,3%-ға дейін қайта қаралды.
Сыртқы жағдайлар инфляцияның өсуіне ықпал етіп отыр. Таяу Шығыстағы ахуал энергия ресурстарының әлемдік бағасының жоғары деңгейде сақталуына әсер етуде. Қыркүйекте БҰҰ Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) азық-түлік бағалары индексі 136,0 тармаққа жетіп, бір айда 1,5%-ға, ал жылдық мәнде 5,8%-ға өсті. Бұған негізінен қолайсыз ауа райы мен логистикалық шектеулер салдарынан дәнді дақылдардың, қант пен өсімдік майларының қымбаттауы себеп болды.
Әлемде ақша-кредит шарттары қатаңдап жатыр. Қыркүйекте Еуропалық орталық банк мөлшерлемелерін биыл екінші рет, ал АҚШ-тың Федералдық резерв жүйесі 2023 жылдан бері алғаш рет көтерді. Ресей банкі баға қысымының күшеюіне байланысты негізгі мөлшерлемені төмендетуді тоқтатып, оны өзгеріссіз қалдырды.
Экономика тұрақты өсіп келеді. Жедел деректер бойынша, 2026 жылғы қаңтар–қыркүйекте жалпы ішкі өнім шикізаттық емес салалардың, ең алдымен құрылыс, өңдеу өнеркәсібі және көлік салаларының есебінен 4,2%-ға өсті. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 7,0%-ға, ал шикізаттық емес секторға бағытталған инвестициялар бюджет қаражатын есепке алмағанда 25,0%-ға артты.
Тұтынудың өсу қарқыны жалпы алғанда былтырғыдан баяу. Бұған тұтынушылық кредиттеудің өсу қарқынының қалыпқа келуі де әсер етіп отыр. Дегенмен фискалдық және квазифискалдық ынталандыру, сондай-ақ жоғары инвестициялық белсенділік ішкі сұраныстың жоғары деңгейде сақталуына ықпал етуде.
Инфляцияны күшейтетін тәуекелдер басым болып отыр. Ішкі тәуекелдер фискалдық және квазифискалдық ынталандыруға, жоғары инфляциялық күтулерге, жанар-жағармай бағасы мен реттелетін тарифтердің өзгеруіне байланысты. Сыртқы тәуекелдер энергия ресурстары мен азық-түліктің әлемдік бағасының жоғары болуынан, сауда серіктесі елдерде инфляцияның жеделдеуінен және жаһандық қаржылық жағдайлардың қатаңдауынан туындап отыр.
Инфляцияны тежеуге біршама қатаң ақша-кредит шарттары, теңге бағамының оң динамикасы, өтімділікті реттеу шаралары, соның ішінде айналау операциялары мен ең төменгі резервтік талаптардың ұлғайтылуы, сондай-ақ тұтынушылық кредиттеуді реттеу шаралары ықпал етуде.
Жылдық инфляция мен инфляциялық күтулердің төмендеуі базалық мөлшерлемені азайтуға мүмкіндік берді. Қабылданған шешім инфляцияның баяулау үрдісін орнықтырып, оны 2028 жылы 5% нысаналы деңгейге қайтару үшін қажетті ақша-кредит шарттарының біршама қатаң сипатын сақтайды.
Сонымен бірге баға қысымы әлі де жоғары, ал инфляцияны күшейтетін тәуекелдер басым. Жыл соңына қарай реттелетін тарифтер бойынша 2025 жылғы төмен база әсерінен жылдық инфляция біршама жеделдеуі мүмкін. 2025 жылғы қазаннан 2026 жылғы наурыздың соңына дейін тұрғын үй-коммуналдық қызмет тарифтерін көтеруге мораторий қолданылған. Сол кезеңде, яғни 2025 жылдың төртінші тоқсанында, коммуналдық тарифтер 14%-ға төмендеген.
Базалық мөлшерлеме бойынша келесі жоспарлы шешім қашан жарияланады
Қазіргі тәуекелдер теңгерімін ескерсек, 2026 жылдың соңына дейін базалық мөлшерлеменің өзгеру ықтималдығы төмен. Мөлшерлемені одан әрі төмендету мүмкіндігі баға қысымының тұрақты әлсірегенін растайтын деректерге байланысты болады. Алдағы шешімдер инфляцияның, инфляциялық күтулердің динамикасы және тәуекелдер теңгерімінің өзгеруі ескеріле отырып қабылданады.
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2026 жылғы 4 желтоқсанда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.
2026 жылғы 4 қыркүйекте Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені жылдық 16,25%-ға дейін төмендеткенін мәлімдеген еді.