Монетарлық реттеушінің баспасөз қызметі бұл шешімді 2026 жылғы 6 қарашада жариялады.
"Ұлттық банк ипотекалық және автокредиттеу нарығындағы қазіргі жағдайды талдап, бағалау нәтижесінде тұрғын үй құрылыс жинақтары (ТҚЖ) жүйесі аясында берілетін қарыздар мен автокредиттерге қатысты борыштық жүктеме коэффициентін (БЖК) міндетті түрде сақтау талабынан босататын ерекшеліктердің қолданылу мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады", – делінген хабарламада.
Ұлттық банк несие беру туралы шешім қабылдау кезінде БЖК-ні міндетті түрде сақтау талабынан мынадай қарыз түрлеріне ерекшелік қарастырылғанын еске салды:
1. Тұрғын үй құрылыс жинақтары жүйесі аясында берілетін қарыздар.
2. Мынадай автокөліктерді сатып алуға арналған кредиттер:
- Қазақстанда бұрын пайдаланылмаған және алғаш рет тіркелетін, сондай-ақ несие бойынша кепіл мүлкі болып саналатын жаңа автокөлік;
- бұрын пайдаланылған және несие бойынша кепіл мүлкі болып саналатын, құнының кемінде 50%-ы бастапқы жарна ретінде төленген автокөлік;
- үш жылға дейін пайдаланылған және несие бойынша кепіл мүлкі болып саналатын, құнының кемінде 30%-ы бастапқы жарна ретінде төленген автокөлік.
Ұлттық банк қолданыстағы ерекшеліктердің мерзімін ұзарту туралы шешім қабылдады:
- ТҚЖ жүйесі аясында берілетін қарыздар үшін – 2029 жылғы 31 желтоқсанға дейін;
- жоғарыда аталған санаттар бойынша автокредиттер үшін – 2027 жылғы 31 желтоқсанға дейін.
Тиісті өзгерістер Ұлттық банк басқармасының 2025 жылғы 25 тамыздағы №52 "Макропруденциялық нормативтер мен лимиттерді, олардың нормативтік мәндерін және есептеу әдістемесін белгілеу туралы" қаулысына енгізіледі.
Сонымен қатар Ұлттық банк 2027 жылы несие нарығындағы жағдайды бақылауды жалғастырады.
"Несие берудің жекелеген сегменттерінде жүйелі тәуекелдер күшейген жағдайда Ұлттық банк халықтың борыштық жүктемесі мен қаржылық тұрақтылықтың басқа да көрсеткіштерін ескере отырып, қосымша шаралар енгізу құқығын өзінде қалдырады", – делінген Ұлттық банк баспасөз қызметінің хабарламасында.
Айта кетейік, 2026 жылғы 4 қарашада Ұлттық банк бірінші санаттағы төлем ұйымдары үшін пруденциялық нормативтерді бекіткені белгілі болды.