Маймылға ойыншық маймыл: Алматы тұрғындары зообақ жануарларына сыйлық жасады

Алматы зообағындағы жануарларға қала тұрғындары ойыншықтар сыйлады. Бақ қызметкерлері ойыншықтарды жануарларға үлестіріп, олардың қуанған сәтінен видео бөлісті, деп хабарлайды Zakon.kz.

Жақында Алматы зообағында «Зообақта сыйлықтар күтеді» деген акция өтті. Зообақ қызметкерлері сол акция аясында табысталған ойыншықтарды қандай жануарларға бергенін Instagram-дағы ресми парақшасында көрсетті.

Бізге жанашыр қала тұрғындары бөшкелер, конустар, жұмсақ ойыншықтар, доптар мен арқан сияқты түрлі ойыншық әкеліп тапсырды. Бұл сыйлықтардың барлығын біз жануарларға үлестіріп бердік. Шимпанзе Пашаға жұмсақ, жылы көрпеше бердік. Ақ қолды гиббон Табин доппен ойнап, лемур мен мартышкалар жұмсақ ойыншықтар алды. Сурикат пен кіреукелерге де доп бердік. Ұзын арқандардан арыстандарға арнап ойыншықтар жасап береміз.Алматы зообағы

Түрлі-түсті, қызық әрі пайдалы ойыншық жануарларға ұнаған сияқты. Видеодан бақ тұрғындарының қалай қуанғанын көруге болады. Олар жаңа ойыншықтарды қызықтап, секіріп, тартып, жұлмалап, дөңгелетіп ойнап жүр.

Зообақ ұжымы науқанға қатысып, қолдау білдірген барша тұрғындарға алғыс айтты. Сонымен қатар олар ұйымдастырған акция мен видео ұнаса, пікір білдіріп, ұсыныс-ойларды жазуды сұрады.

Алматы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: