Ержан Байтанаев:
Пандемия басталған уақыт. Үкімет үйінде өтетін жиналыстар жиілеген кез. Бір күні мен де Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті басшылығымен бірге сол отырысқа тұрақты қатысатын болдым. "Елге қызмет-абыройлы міндет" деп халыққа қызмет етіп, жұмысыма кірісіп жүрдім. Мемлекеттік маңызы бар мәселелер талқыланатын бұл отырыстарға сол кезде ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Лұқпанұлы төрағалық ететін. Әр отырыста коронавирусқа қарсы күрес, төтеп беру сұрақтары, алдын алу шаралары мен мақсат-міндеттер талқыланады.
Кезекті жиналыс барысында Ералы Тоғжанов коронавирус инфекциясына қарсы күрес бойынша жүргізіліп жатқан ақпараттандыру жұмыстарына қатысты сын-ескертпе жасады. Ералы Лұқпанұлының мысы мені басатын, бірақ барлық жігерімді жинап, қол көтеріп, өз пікірімді, атқарылып жатқан жұмыстар, іске асырылып жатқан тірліктер барысын егжей-тегжейлі баяндап бердім. Сол кезде маған қарап тұрып «Сіз кім боласыз?» деп сұрақ қойды. Комитеттің ресми өкілі, баспасөз хатшысы екенімді айтып таныстырдым. Ол кісі жақсы жылы лебізбен қарап, сол кезде құрылған коронавирус инфекциясы таралуының алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссиясының жұртшылықпен және бұқаралық ақпарат құралдарымен байланыс бағытына жауапты тұлға етіп бекітті. Содан бері Үкіметке іссапарланып, негізгі жұмыс орнымдағы міндеттемелерімді қоса атқарып келемін.
Көзді ашып-жұмғанша оған да 3 жыл болыпты. Ералы Лұқпанұлының қасында қызмет еткен жылдары көп нәрсе үйрендім, өмірлік тәжірибе жинақтадым. Ол кісінің креатив көзқарасы ешкімде жоқ. Пандемияның өршіп тұрған шағы. Аймақтардағы ауруханалар дайындығы, төсек-орындардың, дәрі-дәрмек қорының жеткілікті болуы, ауруды ауыздықтау үшін карантиндік шектеу шараларын енгізу, кәсіпкерлердің талап-тілегін қанағаттандыру, уақытша табысынан айырылған халықты әлеуметтік-қаржылық қолдау, халықты вакциналау міндеттері тұрды.
Ералы Лұқпанұлы уақытпен еш санаспайды, тәулік бойы қызмет бабында жүрді. Бірге ауыл-аудандарда іссапарда болдық, ауру жұқтырып алу қаупіне қарамастан емхана-ауруханаларды араладық. «Ұлы істерді ойланбастан жасау қажет. Себебі қауіп туралы ой сенің батылдығың мен жылдамдығыңды тежейді» деп ежелгі Римнің саяси қайраткері, жазушы Юлий Цезарь айтқандай, басты мақсат - күн тәртібіндегі кезек күттірмейтін өзекті проблемаларға дер кезінде ден қойып, шешу, әлемді әбігерге салған ковидтен ұлт саулығын аз шығынмен қорғап қалу болды. Ералы Лұқпанұлының төрағалығымен ведомствоаралық комиссиямен дер кезінде қабылдаған шараларының арқасында бүгінде эпидахуал тұрақтанды. Індет қаупі төмендеді.
Уақыт өте келе маған тек коронавирус инфекциясына қарсы күрес мәселесі бойынша емес, өзі жетекшілік ететін әлеуметтік блоктың барлық бағыттары бойынша ақпараттандыру міндеті жүктелді. «Барлық істің басшысы – білім мен ұғым» деп Жүсіп Баласағұн айтқандай, содан бері өз білімімді шыңдап, жауапкершілікпен іске кірісіп, вице-премьердің баспасөз хатшысы қызметін атқарудамын. «Дүниеде әділдік пен адалдықты ту еткен адамнан артық ешкім жоқ» деген Шоқан Уәлихановтың сөзі бар, бұл тұста Ералы Лұқпанұлының адалдықты ту еткен, білім, денсаулық, мәдениет, спорт, халықты әлеуметтік қорғау салаларының барлығын жетік меңгерген бесаспап басшы екендігіне көзім жетті.
Ералы Лұқпанұлы халықпен жиі кездесіп тұратын. "Ең қиыны — шыдамдылық, төзімділік, байсалдылық пен сабырлылық көрсету" деп Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, халықтың ортасына барып, түйткілді проблемасына жауап іздеген тұрғындармен де, агрессивті ниеттенген блогерлермен де, ашу-ызамен келген антиваксерлермен де кездесіп, сабырмен даулы-шулы мәселелерін тыңдай біліп, байыппен түсіндірмелер бере алатын, аузында айтар сөзі бар кемел басшы деп білемін. Президенттің сенімі мен елдің жүгін тең арқалау оңай емес. Қасында жүріп талай тындырымды тірліктерінің куәсі болдым, мемлекеттің «отымен кіріп, күлімен шығатын» нағыз патриот үлгісін көрдім.
Өрісі кең, кемеліне келген адамдар болады. Бар парасаттылықты бойына жинаған Ералы Лұқпанұлы солардың қатарындағы қазақ. «Адамның жүрегі қандай болса тілінен сондай сөз шығады» демекші, елдің жанашыр тумасы болғандықтан ба аға ұрпақпен де, орта буынмен де, жастармен де етене араласып, сәбилерді құшағына алып, басынан сипап мейірімділік таныта алатын мейірімділігін көрдім. Тығырықтан шығаратын жол тауып, әлеумет тұрмысының тез оңалуына жол бастай алатын жетекшілік қабілетін көрдім.
Ойшыл, ғалым Жүсіп Баласағұнидің «Ел билеушiлердiң ең негiзгi мiндетi - халқына адал қызмет ету, соларды бақытқа жеткiзудi ойлау, сөйткенде ғана басшы жұрттан сүйiспеншiлiк, қадiр-құрмет күте алады» деген сөзі бар, Ералы Лұқпанұлы журналистерден қашпайтын, халық үшін адал қызмет еткен шенді. Ол мемлекеттік БАҚ бетінде талай рет ашық сұхбаттар берді. Басы ашық сауалдар қалған жоқ.
«Адамның адамшылдығы жақсы ұстаздан болады» деп Абай атамыз айтқандай, ұстазымдай көретін осындай парасат-пайымы терең, адамдығы одан да жоғары азаматпен қызметтес болып, қызметтегі біліктілігін, ағалық қамқорлығын, тағылым мен тәжірибесін өзіме үлге еттім. «Ұстазы жақсының-ұстамы жақсы» демекші, ағамыздың жанында жүріп жинаған тәжірибем өмір жолымда бағдаршам болады деп ойлаймын және еліміздің даму жолына Е.Тоғжанов әлі талай тер төгеді деп сенемін. Алғыс арқалаған азаматқа ел қашанда тілекші.