Израиль мен Ливан арасында атысты тоқтату туралы келісім күшіне енді
Мұның алдында АҚШ президенті тараптардың шабуылдарды доғару жөніндегі келісімді қабылдағанын жариялаған еді. "Әскери қимылдар аяқталады. Бұл тұрақты ымыраға ұласуы керек", — дейді Құрама Штаттар лидері.
Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху мәлімдегендей, "Хезболла" келісімді бұзса, соғыстың қайта басталатынын ескертті. Дегенмен "Рейтер" агеттігінің хабарлауынша, Бейрутте атыстың жаңғырығы әлі естіліп жатыр. Ол мерекелік отшашу да болуы мүмкін, деп жазады qazaqstan.tv.
Бітімге сәйкес, "Хезболла" өз жасақтарын Израиль шекарасынан 30 шақырым алшақтатуға тиіс. Ал Израиль Ливаннан қарулы күштерін 60 күнде шығаруға міндетті. Содан кейін Ливан-Израиль шекарасы Ливан армиясының бақылауына өтеді.
Бұл аймақта атыс былтыр Израиль Газа секторында "Хамасқа" қарсы соғыс ашқанда басталды. Содан бері Ливанда Израильдің шабуылдарынан 3700-дей адам қаза тауып, 1 миллионнан астамы үйлерін тастап кеткен.