Алматыдағы Мақатаев көшесі қаланың Жетісу, Медеу және Бостандық аудандарында, Тянь-Шань көшесінен Байзақов көшесіне дейінгі аумақта орналасқан. Ол Орталық саябақтан бұрынғы Алматы маргарин зауытына дейін шығыстан батысқа қарай 4750 метрге созылып жатыр. Мақатаев көшесі – қаланың көлік жүйесіндегі маңызды жолдардың бірі, ол Кіші Алматы өзені мен ірі даңғылдарды кесіп өтеді.
Көшенің тарихы
Көшеге 60-70 жылдардағы қазақ поэзиясының көрнекті өкілі, ақын, жазушы Мұқағали Мақатаевтың есімі 1991 жылы берілген. Жалпы, 1860-1870 жылдарда төселген бұл көшенің алғашқы атауы – Құлжа. Ал 1927-1991 жылдар аралығында Луи Пастер көшесі деп аталатын.
Жалпы, көшенің пайда болуы 1856 жылы алғашқы тұрғын үй ауданы – Үлкен Алматы стансасының құрылуымен байланысты еді. Нысан тұрғызылғаннан екі жыл өткен соң Мақатаев көшесі Үлкен Алматы стансасы мен Верный қаласы арасындағы оңтүстік шекараның рөлін атқарды.
Көшеге Құлжа атауы Цин империясына қарай керуен жолы басталған Құлжа трактіне байланысты берілген. Ал қазіргі уақытта Мақатаев көшесінен Құлжа және Талғар трактілеріне тікелей шығатын жол сақталмаған.
Қаланың бас жоспарында бұл көше туралы алғашқы құжаттар 1858 жылы тіркелген. Құлжа көшесі Верный қала құрылысының маңызды нысандарын, оның ішінде сауда-әкімшілік орталығын, Үлкен Алматы стансасын, Дүнген және Ұйғыр ауылдарын байланыстырды.
1875 жылы қазіргі «Көк базар» аумағында орналасқан Қонақ үй алаңы мен сауда үйлер қаланың орталығы болып есептелді.
1887 жылы Қонақ үй алаңындағы барлық сауда қатарлары жер сілкінісінен толық қирап қалды. Алайда, «Алматының өткеніне оралу» жобасының арқасында 143 жыл бұрын Мақатаев пен Зенков көшелерінің қиылысы қандай болғанын көруге болады.
Сурет: АПН
«Жетісу облыстық ведомстволарында» қиылыстың оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан көпестің үйі «Никита Пугасов пен С-я» сауда үйінің «№1 дүкені» деп белгіленген. Оның жанында көпес Габдулвалиевтің үйі болды, қазір бұл орамды «Рахат» фабрикасы алып жатыр.
Сурет: АПН
Бұл аудан жер сілкінісінен кейін де қала орталығы болып қала берді, ал Қонақ үй алаңында зілзала құрбандардының құрметіне Знаменская часовнясы тұрғызылды. Сондай-ақ қазіргі «Түркістан» қонақ үйінің орнында Верныйдың алғашқы қалалық орамдары пайда болды.
1919 жылы Құлжа көшесіндегі №20 үйде Жетісу ақындарының алғашқы слеті өтті. Аталған оқиға туралы естелік ретінде қазір Мақатаев көшесі, 20-үй мекенжайында ескерткіш тақта орнатылған.
Көше қала мен оның маңындағы елді мекендерді 1927 жылға дейін бөліп тұрды. Үлкен станица қалаға қосылғаннан кейін, Құлжа көшесіне әйгілі ғалым Луи Пастердің есімі берілді.
Қаланың 1936 жылғы алғашқы бас жоспары бойынша көшеге трамвай жолдары салынды. Еске сала кетсек, 2015 жылға дейін Мақатаев көшесінің бойымен №4 және №6 трамвай бағыттары қатынаған болатын.
1991 жылдан бері көше қазақтың көрнекті ақын, жазушысы Мұқағали Мақатаевтың есімімен аталады. Және ол белгілі бір мағынада шекара мәртебесін әлі де сақтап тұр. Мәселен, Мақатаев көшесінің шығыс бөлігінде жолдар жоғары қарай әдетте қалалық, ал төмен қарай ауылдық келбетін сақтағандай.
Мақатаев көшесі маңында орналасқан маңызды тарихи-сәулет нысандарының ішінде қаланың Орталық мешіті мен София соборы ерекше көзге түседі.
Сурет: АПН