Жөндеу жұмыстарынан кейін Ақтау тұрғындары тәулігіне қосымша төрт мың текше метрге дейінгі көлемде ауыз сумен қамтамасыз етіледі, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы «МАЭК» ЖШС дистиллят өндірісі және өндірістік жылумен жабдықтау зауытының бас инженері Денис Саморуковқа сілтеме жасап.
Маманның айтуынша тұшыту қондырғысы 1989 жылы пайдалануға берілген. Осы уақыт аралығында ескірген, тозған құрал-жабдықтар салдарынан қалаға қосымша су беру біраз қиындықтар тудырған еді. Бұл мәселені шешу мақсатында облыс әкімдігінің резервінен «МАЭК» ЖШС- не 2,6 млрд теңге бөлу жоспарланған.
Жылыту камерасы - бұл тұшыту қондырғысының негізгі бөліктерінің бірі. 34 жыл бойы іркіліссіз қызмет еткен жылу алмасу түтіктерінің ішінде қақ пайда болғандықтан жөндеу, тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі уақытта камерада 3164 түтік бар, салмағы 32 тоннаны құрайды. Бөлінген қаржыға барлығы 78 тонна 740 келі түтік сатып алынды. Бұл екі жылыту камерасы мен екі жылытқыштың қалыпты жұмысын қамтамасыз етеді, - дейді Денис Саморуков.
Ол осы түтіктердің көмегімен теңіз суын буландырып, тұщыту нәтижесінде ауыз суды өндіруге бағытталған дистиллят пайда болатынын айтты.
Дистилляциялық тұшыту қондырғысының екі түрі бар. Терең тазарту дистилляты және жалпы ағын дистилляты. Судың бір бөлігі ЖЭО-2(ТЭЦ-2), ЖЭО – 3 (ТЭЦ-3) және ЖЭС-ке(ТЭС), ал негізгі бөлігі - ОСЖТ-2 (ЦУВС-2) ауыз су дайындау станциясына кетеді. Дайын су қаланың төменгі және жоғарғы бөліктеріне, ОСЖТ-4-ке (ЦУВС-4) және басқа бағыттарға жіберіледі, - деді Денис Саморуков.