Алматы жастары сатып алу құқығынсыз жалға берілген үйлерді жекешелендіріп беруді сұрайды

Мемлекеттік бағдарламамен бес жылға пәтер алған, жұмыс істейтін 29 жасқа дейінгі қыз-жігіттер қымбатшылық қыспаққа алғанын жеткізді. Үй бағасы жылдан-жылға шарықтап бара жатқанын алға тартқан үш мыңға жуық адам жиған-терген ақшамыз баспананың алғашқы жарнасын құюға да жетпейді деп күрсінді

Сондықтан олар шенеуніктерден уақытша қоныстанған үйін ипотека арқылы сатып алуға мүмкіндік беруді өтінді, деп жазады КТК телеарнасы.

Айжан Үсіпханова 2020 жылы мембағдарлама арқылы жалға алған пәтеріне екі баласымен қоныстанады. Үш жылда жас отбасы тағы да екі сәбимен толығады. Көпбалалы ана жалғыз күйеуімнің табысы тамақ пен бала-шағаның керек-жарағынан артылмады деп отыр.

"Күйеуім өзі ғана жұмыс істейді, айлығы 150 мың. Ол балалардың шығынынан артылмайды. Өзімнің еш мүмкіндігім жоқ, ақша жинауға. Егер бұл үйді қалдырмайтын болса, білмеймін, ол кезде жағдайымыз не болатынын." Айжан Үсіпханова, тұрғын

Алматыда Айжан сынды сатып алу құқығынсыз баспана алған жастардың саны екі жарым мыңға жуық. Оларға пәтер бес жылға жалға берілген. Алайда осы бағдарламаға іліккен қыз-жігіттер жиған-терген қаражатымыз өз үйіміздің алғашқы жарнасын құюға да жетпейді деп күрсінді.

Осы бағдарламаның бітуіне бір жылдай қалды. Бір жыл біткеннен кейін үш мыңға жуық отбасы үйсіз қалады. Бізді қынжылтатыны осы. Осы үш жылдың ішінде біразымызға алғашқы жарнасын жинасын деді. Оны да жинап көрдік. Бірақ қазір үй өте қымбат. Бүкіл Қазақстан сезіп жатқан шығар, азықтүлік, бәрі қымбаттап жатыр. Девальвация жүріп жатыр. Жалақымыз сол қалпы. Қуат Тайрабеков, тұрғын

Жанайқайын жеткізген жиналған жастар уақытша тұрып жатқан үйін жекешелендіріп беруді сұрайды. Барлығы жалдамалы пәтерді ипотекамен сатып алуға да дайын.

"Қазақстанның өсіп келе жатқан жастарына осы берілген үйді атымызға ипотекамен немесе бөліп төлеп алуға рұқсат беруді сұраймыз. Мемлекеттен сұранатымыз осы. Алғашқы жарнасыз. Себебі, қазір жастарға беріліп тұрған бағдарламалар тек 50/50. Біз жекеменшік жұмысшылармыз." Шәрбану Жақыпжанова, тұрғын

Тұрғын үй бағдарламасын қаржыландырған индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мемлекет жұмыс істейтін жастарға артылған ақшаны жинайтын тамаша мүмкіндік бергенін жеткізді. Өйткені жалдамалы пәтердің ақысы айына бар-жоғы 10-12 мың теңге. Коммуналдық қызметті қосқанда әр отбасы 40-50 мың теңге төлейді. "Бұдан артық қандай жеңілдік керек?" - дейді жауапты ведомство өкілдері.

Бізге жастардан бірнеше адам келді. Өтініші жекешелендіру туралы. Бірақ бүгінгі күнге дейін ондай нақты шешім қабылданған жоқ. Үкімет тарапынан және Президент әкімшілігі тарапынан. Мемлекет осындай мүмкіндік беріп отырғаннан кейін оны қолдану жастардың өз қолында еді. Бірінші пәтерлер 2019 жылы берілді. 2024 жылы олар үйді босатуы қажет. Інжумаржан Төкенова, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің бас сарапшысы

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасымен осы күнге дейін Алматы, Астана және Шымкент қаласында тоғыз мыңнан астам адамға пәтер кілті табысталған. Бірақ шарт бойынша барлығы бес жылдан кейін баспананы босатуға тиіс. Жалпы бағдарлама 2025 жылға дейін жалғасады деп жоспарланған. Оның шапағатын көруге үмітті азаматтардың да қарасы қалың. Сондықтан жалға берілген тұрғын үйді жекешелендіру мәселесі әзірге күн тәртібінде тұрған жоқ.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: