Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингі барысында Атырау облысының бас имамы Алтынбек Ұтысханұлы мәлім етті.
"Дінімізде бұл мерекенің алар орны айрықша. Қасиетті Құрбан айт елдің бірлігін күшейтіп, өзара бауырластықты арттырады. Айт күндері шамасы жеткен адам құрбандық шалады. Құрбандықты мұсылман болған, сапарда болмаған адам және нисап мөлшеріндей қаражаты бар адам шалады. Нисап мөлшері 85 грамм алтынның құнындай дүниемен тең келеді. 85 грамм алтын дегеніміз қазіргі таңда 1 млн 400 мыңға жуық қаражатты құрайды. Егер адамда осындай жинақ болса, құрбандық шалғаны абзал", - деді Алтынбек Ұтысханұлы.
Биыл Құрбан айт 28, 29, 30 маусым күндері аталып өтеді. Құрбан айттың бірінші күні – демалыс.
"Биыл облыс орталығындағы Исатай-Махамбет алаңында Құрбан айт мерекесі аталып өтеді. Ол жерде қала тұрғындарына арнап 14 киіз үй тігіледі. Сондай-ақ, жергілікті өнерпаздар өнер көрсетеді. Мереке күні тұрғындар айтыскерлер мен күйшілердің өнерін тамашалай алады",- деді Ұтысханұлы.
Сондай-ақ Атырау облысы әкімдігі Құрбан айт мерекесіне орай 28 маусым күні қала аумағындағы қоғамдық көліктер халықты тегiн тасымалдайды.
"Тегін маршруттар қала ішіндегі және қала маңындағы барлық бағыт бойынша қатынайтын болады", делінген хабарламада.
Айта кетейік, малды құрбандыққа шалу уақыты Құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталады. Айт намазы жергілікті уақытпен таңғы сағат 6.30-да басталады. Құрбан шалу айт мерекесінің үшінші күніне дейін жалғасады.
Құрбандыққа жарайтын мал түрлері шариғатымыз бойынша көрсетілген түйе және мүйізді ірі қара мал, сонымен қатар қой, ешкі. Түйе мен сиыр малы 7 адамға арналып шалынса, қой мен ешкі малы бір отбасына ғана арналып шалынады. Құрбандыққа шалынатын малдың өзіндік жастары болады. Мәселен, түйе малының 5 жасқа толуы, ірі қара малдың 2 жасқа толуы, қой мен ешкінің 1 жасқа толғаны шарт.