Алматы облысында оқушылар демалыс күндері оқуға мәжбүр

Алматы облысында 180 балаға есептелген мектепте бүгінде 1000-ға жуық оқушы үш ауысымда білім алуда. Орын тапшылығынан олар демалыс күндері оқуға мәжбүр, деп хабарлайды Zakon.kz

Іле ауданы, Жаңаталап ауылындағы орта мектеп 15 жыл бұрын салынған. Демографиялық өсімге байланысты білім ордасында орын тапшы.

"Кейбір сыныптарда бір партаға 3 баладан отыр. 3 ауысымда оқиды, сабақ 35 минут болады. Қазір 21 ғасыр", – дейді ата-аналар.

Іле аудандық білім бөлімінің басшысы Ләззат Қаткеева Zakon.kz тілшісіне осындай мәселе бар екенін растады. Оның айтуынша, осыдан 3 жыл бұрын көрші ауылда 600 орындық жаңа оқу орнының құрылысы басталғанымен, жөндеу жұмыстары күні бүгінге дейін аяқталмаған.

"Олар жөндеу жұмыстарын қазан айында ғана аяқтауды жоспарлап отыр, сондықтан бұл мектепке бала қабылдап үлгермедік. Әзірге біз 6 күндік кестемен жұмыс істеп жатырмыз.Үзілістерді сәл қысқарту керек болды. Қашықтау болғандықтан, балаларды жақын маңдағы ауылдарға жеткізе алмаймыз", - деді басқарма басшысы.

Бүгінде Іле ауданында 19 мектептің балалары үш ауысымда білім алып жатыр. Шенеуніктер жаңа білім ошақтарын салу арқылы мәселені шешуге тырысып бағуда. "Жайлы мектеп" бағдарламасы бойынша облыста 10 білім беру нысаны салынып жатыр.

Алматы облысы
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: