"Есігі қасықпен ашылады". Депутат желіге ауыл медицинасының күйін әшкерелейтін видео жүктеді

Әлеуметтік желіде әбден тозығы жеткен жедел жәрдем көлігінің видеосы тарауда. Видеодан әйнегі жоқ көліктің терезесіне жел азынамас үшін көрпе жабылғанын, ал тұтқа орнына қасық пайдаланылатынын аңғаруға болады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Бұл видеоны Telegram-дағы парақшасына жүктеген Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев "Жедел жәрдемге де жедел жәрдем керек" деп дабыл қағады.

"Кеше денсаулық сақтау министрлігі біздің комитетке келіп, 2024-26 жылдарға арналған бюджетті қорғағандай болды. Денсаулық саласына қатысты депутаттар тарапынан да көп сұрақ қойылды. Министрлік өкілдерінің сөзіне сенсек, елдегі жәдел жәрдем мәселесі оңынан шешілгендей. Бірақ, мына видеоға қарап олай айта алмаймын! Қызылорда облысы, Арал ауданы, Сексеуіл ауылындағы жәдел жәрдемнің күйін қараңыздар. "Маша және аю" мультигіндегі жедел жәрдем естеріңізде ме? Мынау тура сол". Дәулет Мұқаев

Депутат, шын мәнінде, мыңдаған ауылға жедел жәрдем көлігі керек-ақ екенін айтады.

"Көптеген ауылда, елді-мекендерде жедел жәрдем көлігі жоқ. Бірнеше фельдшер (дәрігер) ауырған жанға жаяу немесе өз көлігімен баруға мәжбүр. Кеше осы мәселені көтергенімізде денсаулық сақтау министрлігі лизинг арқылы санаулы ғана жедел жәрдем алатындарын айтты. Хош, бюджет жетпеді делік, бірақ "Қазақстан ХАЛҚЫНА" қоры бар емес пе?! Неге солардан бөлінбейді? Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің депутаттары болып, алдағы жұмыс отырыстарында қор өкілдерін шақырмақпыз. Халыққа бөлінген ақшаның шарапатын халық көруі тиіс. Ал әзірге "жедел жәрдемдердің жағдайы жақсы" дегендер мына видеоны көрсін", делінген депутат жазбасында.


Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: