"Республика күні" мерекесі аясында пайдалануға берілген музейдің ашылуына арнайы барған облыс әкімі Нариман Төреғалиев келешек ұрпаққа мұра болып қалатын музейдің маңыздылығын атап өтті.
"Ел тәуелсіздік алғалы тарихымызды түгендеп, өткенімізге орынды бағасын бере бастадық. Ақпәтерде келешек ұрпаққа мұра болар музей ашылды. Бұл жердегі құнды жәдігерлер өткенді ұмытпай, болашаққа нық қадам басуға сеп болады. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы әлеуметтік салаға, соның ішінде мәдениет пен спортқа ерекше көңіл бөлуде. Бүгін көпшілікке ұсынылған ашық аспан астындағы музей мен ел ағаларына қойылған тұғырнама және қазақтың өмірінен сыр шертер киіз үй балғындардың еліне, туған жеріне деген сүйіспеншілігін арттырары сөзсіз", – деп сөзін сабақтаған облыс әкімі ел тарихын түгендеп, жас ұрпақты патриоттыққа тәрбиелеуге атсалысып жүрген Казталов, Жаңақала аудандарының "Құрметті азаматы", "Құрмет", Парасат ордендерінің иегері Кәрім Өтеғұловқа ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің "Құрмет" грамотасын табыстады.
Аталмыш музей 2013 жылы ашылған. Ақпәтер тарихи-өлкетану музейіне қойылған жәдігерлер мен құжаттардың жалпы саны – 3200 данадан асады.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Мұнда Қараөзен өзен бойын жайлаған қалың елдің кешегісі мен бүгінгісінен, археологиялық ерекшеліктерінен, өткен ғасырлардағы этнографиялық салт-дәстүрінен мол мәлімет алуға болады.
Музейде өткен тарихымызға қатысты терең сыр шертетін экспонаттар, ұжымдастыру мен саяси қуғын-сүргін кезеңінің салған лаңы мен зардаптары, Ұлы Отан соғысының сұрапыл жылдарын көз алдыңа әкелетін жәдігерлер орналасқан.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Музейге ХІХ, ХХ ғасырларда халық пайдаланған дүниелер, ауыл шаруашылығында пайдаланған техникалар, жел диірменнің бөлшектері, ұсталар пайдаланған ауыр төс, Ақпәтер мен Алғай арасында қатынаған қайық зәкірі қойылған. Неше түрлі комбайн мен "Победа", "Волга", "УАЗ" көліктері де өткен күндерді еске салып, музей төрінен табылған.
Сурет: БҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
"Музей ел-жұртқа өткенін танып, келешегіне көз салуға мүмкіндік береді. Тарихты түгендеп, жәдігер жинаудағы басты мақсатымыз - ұрпаққа дұрыс тәрбие беру",-дейді ауыл музейін ашып,ұлт руханияты үшін еңбек етіп жүрген Кәрім Өтеғұлов.