Нұрымова Премьер-министрдің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына сауал жолдай отырып, балалардың денсаулығы мен құқықтарын қорғау мәселелеріне тоқталды.
"Өткен аптада Жамбыл облысының Жаңатас қаласында 12 жасар қыздың жүкті болып қалғандығы туралы жаңалық елдің жағасын ұстатты. Бұл арада қылмысты жасыру фактісімен қатар, ата-анасының рұқсатынсыз заңсыз түсік жасату жайы да ұйымдастырылған. Бұл - жекелеген жағдай емес, жүйелік мәселе. Соңғы бірнеше жылда 15 пен 18 жас аралығындағы қыздардың босану көрсеткіші 50,5%-ға өсті. Егер 2017 жылы 3,4 мың жеткіншек қыз бала босанса, 2022 жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 5,2 мыңды құрайды. Бастысы, кәмелетке толмаған қыздар арасында жүктілікті жасанды жолмен үзу статистикасы соңғы жылдары аздап өзгерді, атап айтқанда, жылына 1,1-1,2 мың жағдай шегінде", – деді депутат.
Ол мұндай көрсеткіштер бойынша Маңғыстау, Түркістан және Жамбыл облыстары көш бастап тұрғанын айтты.
Депутат ерте босану баланың физиологиялық және әлеуметтік сипатына қайшы келетінін атап өтті.
"Жасөспірімдердің босану кезінде эклампсияның (бірнеше рет қайталанатын діріл-қалшыл, салдарынан бүйрекке қатты зақым келуі мүмкін) қауіп-қатері, босанғаннан кейін жатыр ішінің қабынуы және жүйелі инфекциялардың болу қаупі жоғарылайды. Ал олардан туған балалардың салмағы, әдетте төмен, шала туылған және ауыр неонатальды аурулардан зардап шегеді. Кәмелетке толмағандардың түсік жасатуы - репродуктивті жағдайына және жалпы денсаулығына нұқсан келтіреді. Мұндай жағдайда уақыт өте келе, көптеген қыз баласы ұрпақ әкелу функциясынан айырылып, отбасын құра алмай жүреді", - деп атап өтті Нұрымова.
Мәселені шешу үшін ол мектептерде жыныстық сауат тұрғысында білім беруді енгізуді, жасөспірімдердің жастар денсаулық орталықтарының қызметтері туралы хабардар болуын қамтамасыз етуді, сондай-ақ өмірде қиын жағдайға тап болған қыздарға қолжетімді және тиімді көмек көрсету үшін барлық әлеуметтік call-орталықтардың жұмысын жандандыруды ұсынады.