19 жастағы сарбаздың өлімі: марқұмның туыстары эксгумация жасатты

Алматы облысында дауыл кезінде қаза тапты делінген сарбаз Алмас Шәкімовтің денесіне туыстары эксгумация жасатты. Олар 1,5 жыл әділдік іздеп таппаған соң осындай қадамға барды.

Туыстары азаматтық борышын өтеуге өзі сұранып барған көкшетаулық жігіт кісі қолынан өлгенін қалай да дәлелдейміз деп отыр, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

"Алматының әскери прокуратурасы болды, одан әділдік болмады. Өзіміздің Бас прокуратураға, Астананың әскери прокуратурасына, бәріне бардық. Бәрінде де әділдік, шындық болмады. Істі жылы жаппақшы, өзімізге қарсы шығып".Марқұм сарбаздың әжесі Күлмайда Туғанбаева

Сарбаздың туыстары аса қиын болса да, ұлдарын қара жерден қазып алуға тәуекел етіпті. Олардың айтуынша, марқұмның иығы, екі аяғы сынған, санына шеге тыққан, басы жарылған.

"Мұның барлығы әскердегі әлімжеттік, Алмастың ажалы адам қолынан болды", - дейді туған-туысқандары.

Олар эксгумация жасап, тәуелсіз сарапшылар шақыртқан.

Еске салайық, 19 жастағы Алмас Шәкімов Алматы іргесіндегі полигондардың бірінде әскери жаттығу кезінде құмды дауыл басталып, өзге сарбаздарды құтқарып жүріп мерт болған. Әскер басшылығы оның басына "темір құрастырмалы палатка құлады" деп рапорт берген. Қайтыс болғаннан кейін "Ерлігі үшін" медалімен де марапаттаған, бірақ туғандары ол медальдан бас тартты.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: