Алайда көп адам рухани әлемнің денсаулыққа тигізер әсеріне мән бермей жатады. Зерттеулерге сүйенсек, руханият күйзелісті төмендетіп, иммундық жүйені жақсартатын күшке ие.
Күйзеліс – біраз аурудың басты себебі. Үнемі мазасыз жүру денсаулыққа ауыр зардаптар әкеліп, жүрек ауруы, диабет пен депрессияға шалдықтыруы мүмкін. Алайда жан-дүниеңе істелетін тәжірибелер, медитация, йога, дұға денсаулықтың жалпы жағдайын жақсартатынына дау жоқ.
Медитация стресс пен мазасыздықты бәсеңдетеді. Көңіл-күйді көтеріп, жалғыздық пен депрессия сезімдерін азайтады, сондай-ақ қандағы холестерин деңгейін төмендетеді екен. Зерттеулерге сүйенсек, медитация күйзеліс гормоны саналатын кортизолдың деңгейін түсіреді. Бұл әртүрлі ауруға шалдығу ықтималдығын төмендетеді.
Дұға мен жан-дүниеге жасалатын тәжірибелер иммундық жүйені жақсартуға көмектеседі. Ғылыми зерттеулер дәлелдегендей, тұрақты түрде дұға жасап, жан-дүниесіне тәжірибе жүргізетін жандардың иммунитеті дұға жасамайтындарға қарағанда мықтырақ болады екен. Өйткені күйзеліс иммундық жүйені әлсіретеді, ал дұға күйзеліске төтеп беріп, иммундық жүйенің жұмысын жақсартады.
Одан бөлек, рухани тәжірибелер өмір сапасын арттыра түседі. Айналаңмен қарым-қатынасыңды жақсартып, эмоционалды тұрақтылыққа әкеледі.
Әлбетте тек рухани әлемнің тыныштығымен деніміз сау бола қалады деген түсінік қалыптаспауы керек. Алайда денсаулықтың жалпы жағдайын жақсартудың арқасында әртүрлі аурудың алдын алатыны да жасырын емес.
Психолог Айжан Жандарбекқызының сөзінше, тәжірибелер сан алуан.
"Медитация, дұға, күнделік жазу, табиғатта серуендеу сияқты түрлі әдістер өз-өзіңді сараптауға, бағалауға, дамытуға әкеледі. Рухани психология деген бар. Бұл психологияның мақсаты – дәстүрлі емес психологиялық тәсілдерді қолдану арқылы адамның ішкі мәселелерін шешу, оны сауықтыру, тұлғалық дамуын арттыру. Заман қаншалықты өзгерген сайын адамның психологиясы да соншалықты өзгеріп жатыр. Ішкі күйі тұрақты адам өзіне сенімді, жинақы болады. Алдынан кездескен қиындықтарға төтеп бере алатындай күші бар. Сондай-ақ өз қызығушылықтарына сай топтың мүшесі болып, бірдей ойлайтын адамдар табу арқылы ішкі жалғыздығынан құтылады. Рухани жай-күйімен тұрақты түрде жұмыс істейтін адам физикалық жаттығу жасап, дұрыс тамақтанатын жанмен бірдей пайдаға ие болады.
Рухани жай-күйімен жұмыс істемейтін жандар көбіне материалдық құндылыққа ұмтылады, ал рухани күйін ретке келтіруді мақсат тұтатындар материалды емес құндылықтарды бірінші орынға қояды. Мысалы, қарым-қатынас, тұлғалық даму сияқты дүниелермен айналысып, өмірдің мәнін сол жақтардан іздейді. Айналасымен қатынасты дұрыстайды. Алайда рухани күй материалдық байлық береді деу де қиын. Тек қана дұға оқып бәріне жетемін деуге болмайды. Дұғамен бірге әрекет те жасау керек", - дейді маман.
Психологтың пікірінше, өзіңнен есеп алу, сезімдерің мен эмоцияларыңды бақылау көптеген жетістікке жетелейді.
"Егер де есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал!" дейді Абай өзінің қара сөзінде. Қандай дінде болса да, ислам, христиан, буддизм сияқты адамзат үшін басты діндерде жақсылық жасау, қоғамға пайдалы болу, адамның ала жібін аттамау сияқты құндылықтар насихатталады.
Ал ұстаз Айтолқын Құлшарованың пікірінше, рухани бай адам жан-жақты болуы тиіс.
"Дінге жақын адам зиян әдеттерден бойын аулақ ұстауға, таза жүруге тырысады. Алайда адамның адамгершілігі діни орындарға барумен шектелмейді. Бұл – таласты тақырып. Тал бесіктен жер бесікке дейін білім алып, өзімен жұмыстанып, өзін түсінуге, өзгеге қамқор болуға тырысқан адам тәлім-тәрбиені қазақтың мақал-мәтелінен-ақ табады. Мысалы, "Кең болсаң, кем болмайсың" дейді қазақ. Мен мұғалім ретінде алдыма келген әрбір оқушының бойына адалдық дәнін егуге тырысамын. Таза тұрып, таза жүріп, жан-дүниесін байытса, оңды-солды жүрістерден ада болса деп тілеймін. Рухани жан-дүниесін байытып, өзінің не қалайтынын бала кезінен-ақ білсе ондай адамның болашағы зор болады деп санаймын. Көп адам сыртқы келбетімен ғана айналысып, ішін, жүрегін таза ұстауға ұмтылмайды. Сырты бүтін, іші түтін боп жүргендер көп. Қоғамға ашық, өзіне адал жандардың қатары аз. Руханият, психология, денсаулық – өзара байланысты ұғымдар. Арбаның төрт дөңгелегі болатыны секілді, егер жоғарыдағы үш ұғымның бірі ақсап қалар болса, адам толық адам боп қалыптаспауы мүмкін. Толық, кемелденген адам барлық жағынан білімді, ізденімпаз болуы керек. Қашанда жаңа нәрсені білуден тартынбай, білімге ұмтылып тұруы қажет. Өкінішке орай бізде балаға тек білім беру жеткілікті деп санайтындар көп. алайда "Тәрбиесіз берген білім адамзаттың хас жауы". Ең бірінші орында – тәрбие тұруы тиіс", - дейді мұғалім Айтолқын Құлшарова.
Автор: Мейіргүл Оңғарова