Солардың бірі – аты-жөнін жарияламауды өтінген кейіпкеріміз өміріне балта шапқан қатерлі індеттен қалай айыққанын айтып берді.
Бәрі қалай басталды
"2017 жылы 25 жасқа толдым. Банкте жұмыс істейтінмін. Ата-анам ауқатты, жанымда қызым, достарым бар еді. Кешке достарыммен бірге ішімдік іше бастадым. Менің ойымша, бәрі сол кезде басталды. Күніне бірнеше шөлмек сыра ішу мен үшін қалыпты жағдайға айналды. Көп ұзамай ол аздық етіп, араққа ауыстым. Күніне 1,5 – 2 бөтелке ішетінмін. Бір кезде арақтың да қызығы кетті. Сол кезде бір танысым синтетикалық есірткі: кокаин, мефедрон, "скорость", эмдимей қолданып көруді ұсынды.
Күн сайын "марафонда" болдым
Араласатын ортам өзгерді. Есірткінің псевдохиппи аурасы, өзіндік романтикасы бар. Ішімдік ішетіндермен бірге жүру қызық болмай кетті. Жұмысым кедергі бола бастады. Жалпы, адамдар кедергі бола бастады. Қызым, ата-анам. Біреудің бақылауында болғым келмей, есірткі қабылдауға көбірек уақыт бөлгім келді.
Жұмыс ақымақтарға арналған, одан әлдеқайда маңызды нәрселер бар деп ойлай бастайсың. Мен жүйенің бір бөлігі болғым келмеді. Есірткіні банкке жұмысыма алып барып, дәретханада қабылдап жүрдім. Күн сайын "марафонда" болдым.
"Ақылды нашақордан жаман ештеңе жоқ"
Банкте жұмыс істеп, жалақым жақсы болғанымен, ақша үнемі жетіспейтін. Несие ала бастадым. Бәрін төлеп үлгеріп жүрдім. Бірақ кейіннен бұл да жеткіліксіз болды. Сол кезде мынадай тәсіл ойлап таптым: маған есірткі тауып беруімді сұрап, адамдар келетін. Мен өз несиелерімді соларға рәсімдей бастадым.
Нашақорларды есірткі іздеп қиналған сәтінде ұстайтынмын. Ол кезде олар доза үшін бәріне дайын болады. Есірткі мен үшін валютаға айналды, белгілі бір қызметтер үшін сонымен төледім. Ақылды нашақордан жаман ештеңе жоқ, Мен сондай едім.
Өзімді жиіркенішті сезінемін
Барлығы дофаминге байланысты. Егер оның мөлшерін шектесеңіз, белгілі бір бақылауды сақтай аласыз. Бір немесе бір жарым жыл бойы есірткіні белсенді қабылдау кезінде мен дозаны күніне 5-10 грамм аралығында ұстауға тырыстым. Бірақ, міндетті түрде шектен шығатын сәт болады, сезімнің шыңына оралу үшін сәл көбірек қабылдағыңыз келеді.
Бірақ, адам өзін-өзі аяғаннан оны мойындамайды. Мен былай ойлайтын едім: "Мен нашақор емеспін. Мен олардан ақылдымын. Менде қабылдаудың мәдениеті бар". Мен шынында бұл әдетімді әдемі деп санайтынмын. Жанымда есірткіні бірге қабылдаған қыздар өлімші болып жатса да елемейтінмін. Күн шыққанға дейін, бәрі жақсы көрінетін. Ал таң атқанда өзімді жиіркенішті сезінемін, түрлі ойлар мазалайды: Не істеймін? Ары қарай қалай өмір сүремін?
"Оңалту орталығы түрмеден де жаман"
Тұрақты түрде есірткі қабылдаған кезде ми қатты зардап шегеді, шизофрения басталады. Ата-анам менің біртүрлі өзгерістерімді байқады, бірақ не істеу керектігін білмеді. Бірде біз есірткі қабылдайтын пәтерге күштік құрылым қызметкерлері басып кірді. Бұл есірткі притонын құрықтау сәтіне ұқсады. Қолымды бұрап, сыртқа шығарып, көлікке отырғызды. Сөйтіп бір коттеджге әкелді. Кейіннен мұның бәрін әкемнің ұйымдастырғанын білдім. Ата-анам менің оларды тыңдамайтынымды, жаман әдетімді жалғастыратынымды білді. Осылайша мен ребқа келдім (рехаб, тәуелділерге арналған оңалту орталығы – ред.).
Алғашқы 3-5 күн – детоксикация, ағзаңды тазалайды, қағазға қол қоясың. Содан кейін оңалту басталады. Макаренко әдісі бойынша және "12 қадам" бағдарламасы бойынша оңалтады. Тапсырмалар тізімін береді. Содан кейін сезімдер күнделігін жүргізесің: жағдайларды, ойларыңды, әрекеттеріңді жазасың. Басында бұған күлетінмін, содан кейін ашулана бастадым. Сосын бұл әдістің жұмыс істейтінін байқадым. Қалай болғанда да, нашақорлар өз бетінше бұл батпақтан шыға алмайды, бірақ, шыға алатынына нық сенімді болады.
Отырып шыққандар оңалту орталығының түрмеден де жаман екенін айтады. Өмірің кесте бойынша, әркімнің үйде өз функциясы бар. Екі апта сайын функция өзгереді. Егер оны орындап шықсаң, ұпай аласың. Күндердің бірінде шаруашылық күнін бекітеді. Ол күні жалғыз өзің таңертеңнен кешке дейін бүкіл үйді, жертөлені, бассейнді, ас үйді жуып шығуың керек. Ең жаманы – таңертеңгі жиналыс, кімнің қандай қателік жасағанын айтуың керек, яғни сіз басқаларға, ал олар сізге шағымданады.
Өткен ісіңе ыңғайсызданатын, ұялатын сәт келеді. Соңына қарай олар иллюзияға байланысты тапсырмалар береді. Өзіңді қалай алдағаның туралы жазасың. Ұзақ уақыт ішінде алғаш рет адамдарды ести бастайсың. Кім сөйлейтіні және не айтатыны маңызды емес, кейбір сөздерден шабыт іздейсің.
"Есірткісіз бақытты болу"
Алты айдың соң маған емдеуден кейінгі жоспар жазып, жіберді. Ол жерден шыққаннан кейін ең қиыны – есірткіге қайта оралмау. Себебі, оны қатты қалап тұрасың. Бостандыққа шыққанда енді басқа адамсың, өмірдің мәнін жоғалтқандай боласың. Ата-анаң ашуыңды келтіреді, бұрынғы достарың жоқ.
Бұл оқиғаны қайтадан бастан өткергім келмесе, қандай да бір жолмен ләззат алуды үйренуім керек екенін түсіндім. Басқалар сияқты шаңғы теуіп, марафондарда жүгірмедім. Ондайға қызықпасаң, керісінше бәрін бұзып аласың. Есірткі өзіңді бақытты сезінетін иллюзиялық әлем жасайды. Мен тығырықтан шығатын бір ғана жол көрдім – есірткісіз бақытты болуды үйрену.
Бүгінде кейіпкеріміз халықаралық компанияда бейнеойын әзірлеуші болып жұмыс істейді. Үйленген, жаңа достарын, хоббиін тапқан. Ол 5 жылдан бері есірткі қобылдамайды.
Қайда жүгінуге болады?
Қазақстанда нашақорларға тегін көмек көрсететін ұйымдар бар:
Ұлттық сенім телефоны: 150, 8 708 106 08 10;
"Есірткісіз Қазақстан" – нашақорлық, маскүнемдік, лудомания және тәуелділіктің басқа түрлеріне қарсы күресте көмек көрсету: + 7 (727) 27-81-74;
Алматыдағы психикалық денсаулық орталығы тәулік бойы көмек көрсетеді: + 7 (727) 376-56-60, +7 (708) 983-28-63;