Жалпы, тарихтағы ең қымбат картина – Леонардо да Винчидің "Мона Лизасы" екені сөзсіз. Ол құнсыз саналғанымен, суреттің сақтандыру бағасына қарап, белгілі бір сандық мөлшерді анықтай аламыз. 1962 жылы шедевр 100 млн долларға бағаланған. 2021 жылы инфляция ескеріле отырып, суреттің құны 860 млн доллар деп болжанды. Ал сарапшылар оның нақты құнын 5-6 млрд еуроға бағалайды.
Дегенмен, бұл тізімде мұражайларда қойылған құнсыз өнер туындыларын емес, бұрын-соңды сатылған әлемдегі ең қымбат картиналарды назарларыңызға ұсынамыз.
Сурет: wikimedia
10. Nu Couché (Жатқан жалаңаш) – Амедео Модильяни
Әйгілі суретші Амедео Модильянидің 1917 жылы салған Nu Couché немесе "Жатқан жалағаш" суреті әлемдегі ең қымбат картиналардың бірі саналады. Суретте қою қызыл фонда ұйықтап жатқан жалаңаш қыз бейнеленген. Бұл итальялық суретшінің ең танымал туындыларының бірі. Оны қытайлық миллиардер Луи Ицян 2015 жылғы 9 қарашада 170,4 млн долларға сатып алды.
Сурет: wikimedia
9. Les Femmes d’Alger (Алжир әйелдері "O нұсқасы") – Пабло Пикассо
Пабло Пикассоның Les Femmes d’Alger (Алжир әйелдері "O нұсқасы") картинасы 2015 жылғы мамырда Christie's аукционында 179,4 млн долларға сатылды.
Пикассо өз мансабында осы туындының 15 түрлі нұсқасын салған, оның соңғысы "O нұсқасы" 1955 жылы аяқталды.
Картинаны нақты кім сатып алғаны аталмайды. Бірақ, өнер әлемінің кейбір өкілдері аталған шедеврді Катардың бұрынғы премьер-министрі Хамад бин Джассим бин Джабар Аль Тани иеленді деп санайды. Алғашында Пабло Пикассоның қымбат өнер туындыларының жиынтығын Салли мен Виктор Ганцтар толығымен сатып алған. Кейіннен олар 10 картинаны Сейденберг галереясына сатты.
Сурет: wikimedia
8. Су жыландары II – Густав Климт
Густав Климттің 1907 жылы салған картинасы "Су жыландары II", сондай-ақ "Вассершланген II" атауымен белгілі. Бұған дейін оның "Су жыландары I" атты туындысы болған.
Бұл майлы бояумен салынған суреттің бай тарихы бар. Оны Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде нацистік әскерлер иемденген.
Бұл Климттің бұрын-соңды сатылған ең қымбат туындысы және қазіргі уақытта әлемдегі ең қымбат алты туындының бірі болып табылады. Сатылған бағасы – 183 млн доллар.
Сурет: wikimedia
7. Мартен Сулманс пен Опиен Коппиттің портреттері – Рембрандт ван Рейн
Рембрандттың 1634 жылы салған "Мартен Сулманс пен Опиен Коппит портреттері" 197 млн долларға сатылды. Бұл екі картина ерлі-зайыптылардың үйлену тойының естелігі ретінде салынған. Суреттер бөлек салынғанына қарамастан, олар әрқашан бірге қойылатын.
2016 жылы Ротшильдтер отбасы сирек кездесетін шедеврлерді сатуға шешім қабылдағанда, оларды екі мұражай – Амстердамдағы Рейксмузеум мен Париждегі Лувр бірлесіп сатып алды. Содан бері екі мұражай картиналарды кезек-кезек көпшілік назарына ұсынады.
Сурет: wikimedia
6. 17А нөмірі – Джексон Поллок
Джексон Поллоктың "17А нөмірі" абстрактілі экспрессионистік жұмысы 1948 жылы салынған. Хедж-қор инвесторы Кеннет С.Гриффин оны 2015 жылғы қыркүйекте Дэвид Геффен қорынан 200 млн долларға сатып алды. Содан кейін картинаны Чикагодағы көркемөнер институтына уақытша берді.
Сурет: wikimedia
5. № 6 (күлгін, жасыл және қызыл) – Марк Ротко
№ 6 (күлгін, жасыл және қызыл) – майлы бояумен салынған абстрактілі суретті 1951 жылы латвиялық-америкалық суретші Марк Ротко салған. Ол 2014 жылы шамамен 217 млн долларға сатылды. Бұл көркем сурет тарихында сатылған ең қымбат жеті өнер туындысының бірі саналады.
Суретшінің осы кезеңдегі басқа туындылары секілді, кенеп тұманды және әркелкі реңктермен бөлінген түрлі-түсті жолақтардан тұрады.
Сурет: wikimedia
4. Nafea Faa Ipoipo? ("Той қашан?") – Поль Гоген
1891 жылы суретші Поль Гоген алғаш рет Таитиге сапарға аттанды. Аралға және жергілікті әйелдерге ғашық болып, бір жылдан кейін ол осы әйгілі суретті пост-импрессионизм стилінде салып шықты. Майлы бояумен салынған суретте көк, жасыл және алтын түстес әдемі пейзажда отырған екі жас келіншек бейнеленген.
Картина 2015 жылы жеке сатылымда шамамен 247 млн долларға сатылды, сол кезде ол әлемдегі ең қымбат сурет атағы үшін Виллем де Кунингтің "Айырбасымен" күресті. Картинаны кім иеленгені белгісіз, бірақ көпшілігі оны Катардың корольдік отбасы сатып алды деп есептейді.
Сурет: wikimedia
3. Карта ойыншылары – Пол Сезанн
Бұл Поль Сезанның бір тақырыпта салған суреттерінің бір нұсқасы: ер адамдар үстел басында карта ойнап отырады. Бұл сериядағы суреттердің басым бөлігі Лондондағы Курто көркемөнер институты, Париждегі Орсе музейі сияқты мұражайларда қойылған.
1892 жылы салынған бұл картинаны 2011 жылы Катардың корольдік отбасы 250 млн долларға сатып алған.
Сурет: wikimedia
2. Айырбас – Виллем де Кунинг
Виллем де Кунинг бұл абстрактілі экспрессионизмдік картинаны 1955 жылы салған. Жалпы, абстрактілі экспрессионизм Америкадағы алғашқы заманауи өнер қозғалысы болып саналады және оның алғашқы өкілдері де Кунинг пен Джексон Поллок сияқты суретшілер болды. "Айырбас" әйелдер суретінен абстрактілі қала пейзаждарын салуға көшкен суретші тақырыбының өзгеруін білдіреді.
2015 жылы Кеннет С. Гриффин аталған картинаны Дэвид Геффен қорынан 300 млн долларға сатып алды. Ол кезде бұл әлемдегі ең қымбат сурет саналды.
Сурет: wikimedia
1. Әлемді құтқарушы – Леонардо да Винчи
2016 жылы Нью-Йорктегі Christie's аукционында 19 минутқа созылған сауда-саттықтың нәтижесінде Леонардо да Винчидің "Әлемді құтқарушы" картинасы рекордтық 450 млн долларға сатылды. Кейіннен аукцион жеңімпазы Сауд Арабиясының ханзадасы екені анықталды.
Сурет аукционға шығарылғанға дейін 5 жыл бойы Лондондағы Ұлттық галереяда көпшілік назарына ұсынылып келді.