Жетісу облысында 660 млн теңгеге қайта жөнделген мектепте жұмыс уақытылы аяқталмай, сапасы сын көтермей тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бүгінде ғимараттың қабырғалары көгеріп, керегелері қайта сылауды қажет етеді. Мектеп басшылығының айтуынша, мердігер жұмысты шала-шарпы істеген. Ал, жергілікті қараша балаларының өміріне алаңдап, оларды сабаққа жіберуге жүрексініп отырғанын айтады.
Алакөл ауданына қарасты Ақжар орта мектебінің алдына таңмен ауыл тұрғындары жиналды. Олар 500 млн теңгеден астам қаражат жұмсалған мектептің сапасына разы емес. Мәселен, Керім Сәлімбаевтың 5 бірдей немересі дәл осы білім ордасында оқиды. Сөзінше, нысанның қабырғалары мен төбесі сыз тартып, көгеріп кеткен. Санитарлық-техникалық қондырғылары да дұрыс орнатылмапты. Бұл мұндағы оқушылардың денсаулығына зиян келтіретіні сөзсіз, - дейді ақсақал.
"Ауылдың жартысы үшінші мектепке барады. Бұл мектептің құрылысы дұрыс емес. Асханасына ауа кірмейді", – деді облыс тұрғыны Керім Сәлімбаев.
Тұрғындардың сөзіне сенсек, қазір оқушылар спорт залға да кіре алмайтын көрінеді. Себебі – дене шынықтыру залы қолданысқа берілмеген. Осындай келеңсіз жағдайлардан ауыл тұрғыны Ринат Бармақбаев екі баласын 4 шақырым жердегі Қабанбай ауылында оқытуға мәжбүр. Оның да күрделі жөндеуден өткен ғимаратқа көңілі толмайды.
"200 жүздей бала көрші ауылға барып оқиды. Олар таксимен барады. Балаларымды менде сол жаққа оқытам. Өйткені, мына мектептің іші суық. Былтыр жөндеу жұмыстары жасалғанымен бәрі көгеріп жатыр", – деді облыс тұрғыны Ринат Бармақбаев.
Іргетасы 48 жыл бұрын қаланған білім ұясын күрделі жөндеу былтыр сәуірде басталған. Жоспар бойынша шілдеде толығымен аяқталуы тиіс еді. Дегенмен, мердігер компания жұмысты мерзімінде аяқтамаған. Ал, оқу ордасындағы мән-жайды аудандық білім бөлімі біледі екен. Салаға жауаптылар, оқу жылының соңына дейін олқылықты орынына келтіруге уәде берді.
"Біз бұл объекті уақытылы аяқталмағанына байланысты мердігерді сотқа бердік. Енді наурызда жұмысты аяқтайтын болады", – деді Алакөл аудандық білім бөлімінің басшысы Әсет Ибрайымов.
135 бала білім алатын оқу орнының бүгінгі күйі – осы. Қарашаның жалғыз талабы – оқушылардың қауіпсіз мекемеде білім алуы.