Атырау облысы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жағалауды нығайту жұмыстарына 1028 техника тартылып, әртүрлі ұйымнан 3875 қызметкер, 3741 ерікті ат салысуда. Бүгінгі таңда қала 111 секторға бөлінген. Онда бөгет салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Бүгін сенбілік аясында жағалауды нығайту жұмыстарына 126-дан астам ұйым және 8000-нан астам мемлекеттік қызметші, еріктілер, түрлі ұйымдардың қызметкерлері қатысты.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Су тасқынына қарсы жұмыстарға Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов және Талғайран ықшамауданында бөгет салған аппарат қызметкерлері қатысты.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
"Табиғи апатқа қарсы күрес біздің қаншалықты біртұтас екенімізді көрсетті. Біз атыраулықтардың, түрлі компаниялар мен билік органдарының қаламызды қорғау үшін бірге жұмыс істеп жатқанын көріп отырмыз. Кәсібіне, жасы немесе әлеуметтік мәртебесіне қарамастан, әрқайсымыз өз үлесімізді қосудамыз. Біз кез келген қиындықты бірлігімізбен ғана еңсере аламыз", - деп атап өтті облыс әкімі.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Жалпы, Атырау облысы бойынша су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Жоспарланған 506,8 шақырым жағалаудың 423,95 шақырымына қорғаныс бөгеттері салынды. Орындалған жұмыс көлемі - 83,6%.
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Сондай-ақ, 2,5 миллион қап төселді. Жұмыстарға 17 549 адам және 1 800 бірлік техника жұмылдырылды.