Қазақстандық ғалымдар Паркинсон ауруымен күресуге сеп болар жаңалық ашты

Отандық ғалымдардың жаңалығы әлемдік ғылымның дамуына қозғау салды. Енді дүниежүзіндегі биология бойынша кітаптар қайта жазылады.

Қазақ ғалымдары жұмысының қорытындысы таяуда биотехнология саласы бойынша дүниежүзіндегі үздік үш басылымның бірінде жарияланды, деп жазады qazaqstan.tv.

Осыдан бірнеше жыл бұрын еуропалық ғалымдар Паркинсон диагнозы қойылған кейбір науқастардың ағзасындағы DJ-1 атты протеинінің мутацияға ұшырағанын байқайды. Бірақ олар әлгі ақуыздың өзгеріске ұшырауына не себеп екенін біле алмай келді. Ал, қазақстандық 8 ғалым бес жылдай тынымсыз ізденіп, бұл мәселенің шешімін тапты.

"Біз зерттеген ақуыз гликолиз кезінде бөлінетін токсиннен төнер қауіпті жоятын болып шықты. Гликолиз дегеніміз - қанттан энергия түзілетін кездегі негізгі процесс. Адам баласының миында бұл - үздіксіз жүретін процесс." Айжан Ахмади, Nazarbayev University докторантура студенті

Бүгінде дүниежүзіндегі ондаған зертхана DJ-1 ақуызының қызметін зерттеп келеді. Қазақстандық ғалымдардың еңбегі осы сала бойынша кейінгі 20 жылдағы ең маңызды нәтиже болды. Сондықтан да отандастарымыз зерттеп-зерделеген жұмысын мақала күйінде Nature Communications журналына жолдады. Биохимия саласындағы әлем бойынша үздік үш басылымның бірі қазақстандық ғалымдардың еңбегін 8 ай бойы жіті тексеріп, жақында жарыққа шығарды. Мақалаға қатысты алғашқылардың бірі болып бельгиялық ғалым, профессор Гидо Поммер өз пікірін білдірді.

Тұтастай алғанда, бұл – DJ-1 in vitro тиімділігін талдауға арналған тұрақсыз және реактивті метаболит түзуге мүмкіндік беретін өте жақсы зерттеу. Нәтижелер алдыңғы есептерді растайды. Сонымен қатар DJ-1-ның қызметін түсіну жолындағы зерттеулер аясын кеңейтуге мүмкіндік береді. Қолжазба нақты жазылып, тәжірибелік дәлдігі жоғары деңгейлі суреттермен әрленген.

Назарбаев Университеті мен Ұлттық биотехнология орталығы ғалымдарының бұл еңбегі -- іргелі ғылым саласындағы ауыз толтырып айтарлық нәтиже, - дейді сала мамандары. Өйткені бұған дейін тек теория жүзінде айтылып келген ғылыми болжамды, қазақстандық ғалымдар іс жүзінде дәлелдеп отыр. Сондықтан да олардың еңбегі Nature Communications журналында "маңызы зор 50 мақала" қатарына енген.

Қазақстан
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: