Президентке оқу-тәрбие жұмыстарына қолайлы жағдай жасау жаңа мектептердің басты ерекшелігі екені айтылды.
Білім ордасының аумағы мен ғимарат ішінде оқушылардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілген. Ол үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған.
Бастауыш және жоғары сынып оқушылары жеке-жеке блоктарда білім алады, ерекше қажеттіліктері бар балаларға тиісті жағдай жасалған.
Қазіргі кезде мектептің ішкі әрлеу жұмыстары аяқталып қалды. Сонымен қатар жиһаздар мен құрал-жабдықтар орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының "Нұра" ауданындағы №101 мектепті аралап көрді
Аталған білім ордасында екі ауысымда 4 мың оқушы жаратылыстану-математика және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар бойынша оқитын болады.
Мемлекет басшысы мектептің оқу және шығармашылық кабинеттерін, сондай-ақ спорт және акт залдарын аралады.
Президентке жаңа мектептің мүмкіндіктері, атап айтқанда, оқушылардың шығармашылық дағдыларын дамыту, цифрлық технологияларды зерттеу, жасанды интеллектіні қолдану, "Оқуға құштар мектеп" жобасын жүзеге асыру, оқу бағдарламасы мен роботты техниканы үйлестіру бағыттары жайында мәлімет берілді.
Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек елорданың орта білім беру саласын дамыту туралы баяндады. Сондай-ақ ол "Жайлы мектеп" ұлттық жобасы аясында қалада 24 оқу ошағы салынып жатқанын айтты.
Ал Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев жаңа оқу жылына дайындық жайында есеп берді. Бүгінде республика бойынша 536 мың оқушыға арналған 302 мектептің құрылысы жүріп жатыр. Ал 220 мың оқушыны қамтитын 280 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 1,7 миллион бала тегін тамақпен қамтылады.