Қарашөкеев өртеніп жатқан көліктегі бес адамды құтқарған азаматқа алғыс білдірді

17 қыркүйекте Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев бейбіт күннің батыры – мойынқұмдық Мәди Әлиевпен кездесіп, құрмет көрсетті. Ол жол апатына ұшырап, өртеніп жатқан көлік ішіндегілердің сыртқа шығуына көмектескен, деп хабарлайды Zakon.kz.

13 қыркүйекте Шу ауданы аумағында екі көлік соқтығысып, жол апаты орын алған. Мәди Әлиев жарылыс қаупіне қарамастан, өртеніп жатқан көліктен бес адамды алып шыққан. Өкінішке қарай, оның ішіндегі бір азаматша оқиға орнында мерт болса, ал аман қалған төртеуі ауруханаға жеткізілді. 

Ербол Қарашөкеев бейбіт күнде басын қатерге тігіп, ерлік көрсеткен Мәдиге алғыс білдіріп, жамбылдықтардың атынан ризашылығын жеткізді. Жауапты сәтте үрейге бой алдырмай, басын қатерге тіккен батырдың ұлы Жансұлтанға да сәттілік тіледі.

"Қызыл жалынға оранған көліктен адамдарды алып шығып, нағыз ер азаматқа тән әрекет ете білдіңіз. Ештеңеден қаймықпай, адам жанына араша түсу — екінің бірінің қолынан келмейтін іс. Сіздің ерлігіңіз бен жанқиярлығыңыз жоғары құрметке лайық! Сіз өскелең ұрпаққа үлгі болар өр тұлғасыз! Бүгінгі күннің батыры әрі нағыз қаһарманысыз! Әрине, жол қателікті кешірмейді. Жол заңы дұрыс жүріп, абай болуды талап етеді. Ережені елемей, жүйіткіген жүргізушілер көп. Салдарынан түрлі жазатайым оқиғалар орын алуда. Адамдардың өмірі қиылуда. Сізге адам өміріне араша түскеніңіз үшін алғысым шексіз! Сіз Батыр деген атқа лайықсыз!, – деді облыс әкімі.

Өз кезегінде Мәди қиындыққа тап болған адамдарға қол ұшын созу – әрбіріміздің парызымыз екенін еске салды. 

Айта кетейік, Мәди Әлиев "Бурылбайтал" орман шаруашылығы мекемесінде орманшы болып жұмыс істейді. Бүгінде бір ұл, екі қыз тәрбиелеп отырған отбасының отағасы.

Тараз
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз: