Спикердің айтуынша, егер 2020 жылы уәкілетті органға 21 мың өтініш түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 62,5 мыңға дейін артқан. Ал ағымдағы жылдың 10 айында шамамен 68 мың өтініш тіркелген.
"Тұтынушылардың ең көп шағымы бөлшек сауда саласына тиесілі – 28 мың. Бұл – сапалы немесе сапасыз тауарды айырбастауға және қайтаруға қатысты бас тартулар, ақауы бар тауар немесе сапасыз тауар үшін ақшаны қайтарудан бас тарту және т.б. Екінші орында – электронды сауда: 15,3 мың шағым. Бұл – тауар мен сатушы туралы ақпараттың болмауы, ұсынылған тауардың сипаттамаға сәйкес келмеуі, интернет-сайттардың тауарды және ақшаны қайтарудан бас тартуы, сондай-ақ алаяқтық жағдайларының жиілеуіне қатысты шағымдар. Үшінші – тұрмыстық қызметтер: 5,2 мың шағым", – деді ол.
Оның айтуынша, жалпы көлемдегі үлесі көп болмаса да, ең жоғары өсім білім беру қызметтерінде – 233,7%, қоғамдық тамақтану саласында – 196,1% болған.
"Жекелеген салалардағы шағымдар санының артуы тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиімді тетіктерін әзірлеу үшін мемлекет, бизнес және қоғамның бірлескен әрекетін талап етеді. Қазіргі тұтынушылар тауарлар мен қызметтердің сапасына барынша талапшыл, бұл заңнаманы жетілдірумен қатар, бизнестің клиенттерге қызмет көрсету тәсілін өзгертуін қажет етеді. Түскен жалпы шағымдардың 37%-ы толықтай қанағаттандырылды. Бұл – әрбір үшінші тұтынушы өз мәселесіне әділ өтемақы алғанын білдіреді. 34% немесе 23 мың тұтынушыға кеңес берілді. Ал 15,5 мың, яғни 23% өтініш басқа мемлекеттік органдарға бірлесіп қарау үшін жолданды", – деді Болат Танабергенов.
Бұған дейін Қазақстанда зорлық-зомбылықты насихаттап, фишинг және қаруға қатысты контент таратқан 28 мың сайт бұғатталғанын жазғанбыз.