"Біз бүгін ауылға қатысты көптеген маңызды мәселені талқылап, нақты міндеттерді айқындадық. Алдымызда тұрған міндеттің бәрін сапалы әрі жүйелі орындасақ, мақсатымызға жетеміз. Ауыл өмір сүруге қолайлы, еңбек етуге жайлы болуға тиіс", – деді Президент.
Президент әкімдердің рөліне де ерекше тоқталды.
"Ауыл әкімі осы маңызды жұмыстың басы-қасында жүреді. Бүгін әкім Жанар Нұрмұратқызы "Таза Қазақстан" қозғалысы жөнінде өзекті мәселе көтерді. Оған алғыс айтамын. Мемлекеттік саясатты халыққа жеткізетін де, елдегі өзгерістер мен атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың мән-маңызын жан-жақты түсіндіретін де – әкімдер. Мен Сіздерге зор үміт артамын", – деді Тоқаев.
Президенттің айтуынша, әкімдердің ең басты міндеті – тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру.
"Ауылдағы ағайынның әл-ауқаты жақсарса, ауылдарымыз да көркейеді. Сіздер ауылды өркендету үшін табанды еңбек етесіздер деп сенемін. Ауыл халқы елімізді дамытуға зор үлес қосуда. Мен осы сәтті пайдаланып, барлық ауыл тұрғындарына алғыс айтамын", – деді Президент.
Мемлекет әрдайым ауылды қолдайтынын атап өткен Президент: "Себебі ауыл – ұлтымыздың өзегі. Ауылды жаңа көзқараспен, озық оймен, жаңартылған тәсілдермен дамытуымыз қажет", – деп сөзін түйіндеді.