Өңірлік полиция департаментінің мәліметінше, жәбірленушіден арыз 19 ақпанда түскен. Оның айтуынша, айдың басында өзіне оқу орнының заңгері ретінде таныстырған бейтаныс адам қоңырау шалған. Ол оқытушының жеке ісіне құқық қорғау органдары қызығушылық танытып отырғанын және жуық арада өзімен хабарласатынын айтқан.
Біршама уақыттан кейін әйелге телефон арқылы алаяқтықтың кең таралған тәсілімен әрекет еткен бейтаныс тұлғалар хабарласа бастаған. "Тексеру жүргізу" және "қаражаттың қауіпсіздігін қамтамасыз ету" сылтауымен күдіктілер оған қатаң түрде нұсқауларды орындауды және болған жағдай туралы үшінші тұлғаларға айтпауын талап еткен.
Алынған ақпаратты қайта тексермеген оқытушы екі банктен несие рәсімдеп, сондай-ақ алтын бұйымдарын ломбардқа тапсырған. Түскен қаражатты алаяқтар көрсеткен шоттарға аударған. Келтірілген жалпы шығын көлемі 7,6 млн теңгеден асқан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта киберполиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізіп жатыр.
Құқық қорғау органдары банк және мемлекеттік орган қызметкерлері несие рәсімдеуді немесе қаражатты "қауіпсіз шоттарға" аударуды талап етпейтінін ескертеді. Егер өзін заңгер, құқық қорғау органының қызметкері немесе қауіпсіздік қызметінің өкілі ретінде таныстырған адамдар қоңырау шалса, әңгімені дереу тоқтатып, SMS-кодтарды, банк картасының деректерін және жеке мәліметтерді жарияламау қажет.
Сондай-ақ әңгімені құпия сақтауды сұрау – алаяқтықтың негізгі белгілерінің бірі екеніне ерекше назар аудару керек.