Балағат сөз үшін қандай жағдайда және қанша айыппұл салынады
Полиция қызметкері Азамат Құрымбаевтың сөзінше, Қазақстан заңнамасында балағат сөздер үшін жауапкершілік бұрыннан қарастырылған. Мысалы, қорлау, яғни басқа адамның ар-намысы мен қадір-қасиетін әдепсіз түрде бұзу – бұл қылмыстық теріс қылық. Оны жасағаны үшін жауапкершілік 100 АЕК-ке дейін айыппұл түрінде немесе 120 сағатқа дейін түзеу, я болмаса қоғамдық жұмыстар түрінде көзделген.
Отбасылық-тұрмыстық қатынастарда адамдарға айқын құрметсіздік білдіретін және қылмыс құрамын қамтымайтын балағат сөздер мен басқа да әрекеттер әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодекстің 73-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке әкеп соғады. Жаза сот арқылы ескерту немесе 5 тәулікке дейін қамаққа алу түрінде болуы мүмкін.
Оның сөзінше, ұсақ бұзақылыққа келетін болсақ, бұл қоғамдық орындарда былапыт сөйлеу, жеке тұлғаларға қорлап тиісу, ғимараттарды, өзге де құрылыстарды, тұрғын үй-жайларды бұзу, ортақ пайдаланылатын орындарды, көліктегі және өзге де қоғамдық орындардағы мүлікті бүлдіру және айналасындағыларға сыйламаушылықты білдіретін, қоғамдық тәртіпті және жеке тұлғалардың тыныштығын бұзатын басқа да осындай әрекеттер түрінде көрінеді. Басқаша айтқанда, ұсақ бұзақылық үшін әкімшілік жауапкершілік қоғамдық орындарда айналасындағыларға құрметпен қарамау, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзып, балағат сөздер айтылған жағдайда ғана туындайды.
Балағат сөздер үшін жауапкершілік қаншалықты күшейді?
Осы жылдан бастап ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жаза күшейтіледі. Бұл, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті бұзудың жолын кесу мақсатында жасалды. Қазір автобуста біреу балалардың немесе ересек адамдардың көзінше, яғни қоғамдық орында қоғамдық тәртіпті бұзып, балағат сөздер айтқан жағдайда, бұл үшін айыппұл 17 250 теңге болады немесе 10 тәулікке дейін қамауға алынады.
6 наурыздан бастап мұндай әрекеттер үшін 20 АЕК (69 мың тенге түріндегі жаза) айыппұл немесе 5-тен 15 тәулікке дейін қамауға алу көзделген.
Егер біреу "мені жай ғана балағаттады" деп айтса, айыппұл салына ма?
Әрбір өтініш бойынша полиция қызметкерлері дәлелдемелер жинайды. Бұл азаматтардың өтініші, куәгерлердің айғақтары, сондай-ақ құқық бұзушылықтың аудио-, бейнетүсірілімі, қажет болған жағдайда сарапшының қорытындысы болып саналады. Құқықтық бағаны сот береді.
Жеке аумақта (үй, көлік) балағаттаса, ол адам жазалана ма?
Атап өткенімдей, бәрі мән-жайларға байланысты. Ұсақ бұзақылық бойынша жауапкершілікке тарту үшін қоғамдық орындарда балағат сөздер айту, айналасындағыларды құрметтемеу, сондай-ақ қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын бұзу міндетті шарт болып саналады.
Әлеуметтік желідегі балағат сөздер үшін қалай айыппұл салады? Әлеуметтік желілерде балағат сөздер айтқаны үшін, егер бұндай әрекеттер азаматтардың тыныштығын бұзса, бұл ұсақ бұзақылық бабымен қарастырылады.
Қай тілдегі балағат сөздерге айыппұл салынады?
Жалпы, жоғарыда аталған жағдайлар болған кезде қай тілде болмаса да, балағат сөздер айтқаны үшін жауапкершілік туындайды.