Алматыда көшкін қаупі жоғары тоғыз учаске нығайтылды

Алматыда тұрғындар мен қала инфрақұрылымы нысандарына жоғары қауіп төндірген көшкін қаупі ең жоғары тоғыз учаскеде беткейлерді нығайту жұмыстары аяқталды., сурет - Zakon.kz жаңалық 24.07.2026 09:08 Сурет: Алматы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматыда тұрғындар мен қала инфрақұрылымы нысандарына жоғары қауіп төндірген көшкін қаупі ең жоғары тоғыз учаскеде беткейлерді нығайту жұмыстары аяқталды.

Медеу ауданында "Медеу" биік таулы мұз айдыны маңындағы беткей, "Шымбұлақ" тау шаңғысы курортына баратын автожол учаскесі, "Кеңсай-2" зиратына апаратын жол, сондай-ақ "Медеу" биік таулы спорт кешені аумағындағы "Сарысай" бөгетіне апаратын эвакуациялық жол бойындағы беткейлер нығайтылды.

Сондай-ақ, Жетісу ауданындағы үш учаскеде – Қожамияров көшесінде, Палладин көшесінің бойында және "Кемел" зираты аумағында жұмыстар жүргізілді. Наурызбай ауданында "Медеу" тұтыну кооперативіндегі Усиков көшесінің бойындағы учаске мен "Ақжартау" бау-бақша серіктестігіне кіреберіс жолдағы беткейлер бекітілді.

Беткейлерді нығайту жұмыстары 2025 жылғы қазанда табиғи сипаттағы төтенше жағдайдың салдарын жою жөніндегі іс-шаралар аясында басталды. Бүгінде инженерлік жұмыстар толық көлемде аяқталып, аумақтарды көркейту жұмыстары аяқталып келеді. Қабылданған инженерлік шешімдердің арқасында аталған аумақтарда көшкін үдерістерінің туындау қаупі едәуір төмендеді.

Сонымен қатар қалада ықтимал қауіпті беткейлерді тексеру жұмыстары жалғасуда. Биыл Жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс басқармасының, Алматы қаласы Төтенше жағдайлар департаментінің, "Қазселденқорғау" мемлекеттік мекемесінің, География және су қауіпсіздігі институтының және аудан әкімдіктерінің мамандарынан құралған жұмыс тобы көшкін үдерістерінің даму қаупі жоғары тағы жеті учаскені анықтады. Қазіргі уақытта олар бойынша жобалық шешімдер әзірленіп жатыр. Одан кейін беткейлерді бекіту жұмыстары жүргізіледі.

Сел, көшкін және қар көшкіні қаупі бар учаскелерде төтенше жағдайдың алдын алу мақсатында ақпараттық-ескерту қалқандары орнатылып жатыр. Сонымен қатар тұрғындар мен туристерге қолайсыз ауа райы туралы SMS-хабарлама арқылы жедел ақпарат беріледі. Қауіп деңгейі жоғары кезеңде Шымбұлақ маңына және Үлкен Алматы көліне, кейбір тау бағыттарына баруға уақытша шектеу енгізіледі.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: