Депутаттар психологиялық қызмет көрсету кезінде адамның денсаулығына зиян келсе, қандай жауапкершілік қарастырылғанын сұрады.
Айна Мусралимованың айтуынша, қазіргі заңнамада мұндай жағдайларға жауапкершілік бар. "Егер денсаулыққа зиян келтірілгені анықталса, бұл ҚР Қылмыстық кодексі бойынша реттеледі. Қолданылатын баптар бар. Зиянның ауырлығына қарай санкциялар айыппұлдан бастап, түзету немесе қоғамдық жұмыстарға дейін, ал ауыр зиян келтірілген жағдайда – қылмыстық жауапкершілік және бас бостандығынан айыруға дейін өзгеріп отырады", – деді депутат.
Сонымен қатар, ол заң талаптарын бұзғаны үшін қосымша әкімшілік жауапкершілікті енгізу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын айтты.
"Қазіргі уақытта біз психологиялық көмек көрсету тәртібін бұзғаны үшін айыппұл салу жөніндегі түзетулерді талқылап жатырмыз. Айыппұл мөлшері әлі нақты бекітілмеді – екінші оқылымға дейін оны нақтылап, пысықтаймыз", – деп түйіндеді депутат.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы 3 сәуірде ҚР Премьер-министрінің орынбасары Серік Жұманғарин депутаттық сауалға берген жауабында мектептерде балалардың құқықтарын бұзғаны үшін қарастырылған айыппұлдар туралы мәлімет берген болатын.