Министрдің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда платформалық жұмыспен қамту саласында 700 мыңнан астам азамат еңбек етеді. Алайда бұл жұмыс түрі ұзақ мерзімді тұрақты табыс көзі бола алмайды.
"Бұл платформалар қазір көптеген адамды жұмыспен қамтып отыр. Бірақ менің жастарға және жалпы азаматтарға шын жүректен айтатын кеңесім – бұл уақытша ғана жұмыс түрі", – деді ол.
Саясат Нұрбек алдағы жылдары еңбек нарығында елеулі өзгерістер болатынын атап өтті. Оның сөзінше, бірқатар қазақстандық компаниялар биылдың өзінде автопилот технологияларын енгізе бастайды.
"Бірнеше жыл ішінде курьерлер қажет болмай қалуы мүмкін. Бұдан бөлек, бізде жаңа Алатау қаласы бар, онда "төмен биіктік экономикасы" дамиды, яғни дрондар арқылы жеткізу жүйесі іске қосылады. Бұл енді ғылыми фантастика емес, тез арада жүзеге асатын процесс. Сондықтан курьерлер мен такси жүргізушілері жақын болашақта автоматтандырумен алмастырылу қаупі жоғары", – деді министр.
Оның айтуынша, жастар негізгі мамандық алып, ұзақ мерзімді кәсіби дағдыларын дамытуға көңіл бөлуі қажет.
Айта кетейік, 2026 жылғы 16 ақпанда Қазақстанда жүргізушісіз автокөліктерді сынақтан өткізу басталғаны хабарланған болатын.