Жағдай Сандықтау ауданы тұрғынының әлеуметтік желідегі жазбасынан кейін белгілі болды. Әйелдің сөзінше, оның баласы "Мирас" бөбекжай-балабақшасында екі тәрбиеші мен күтуші тарапынан психологиялық және физикалық қысым көрген.
Отбасы бұл оқиға туралы сәуір айының соңында білген. Осыдан кейін анасы бірден балабақша меңгерушісінің атына және полицияға арыз жазған.
"Менің ұлымды ұрған, дәретханаға қамап қойған, таңғы асын тыныш отырып ішуге мүмкіндік бермеген, сабаққа араластырмаған. Осы жағдайдан кейін балам жылап оянады, жуынатын бөлмеден және бейтаныс адамдардан қорқатын болды. Өте мазасызданып, тұйықталып кетті", – деді зардап шеккен баланың анасы sinegor.kz басылымына берген сұхбатында.
Жазбадан кейін Ақмола облыстық Білім басқармасы жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, аудандық білім бөлімі "Мирас" балабақшасына қатысты қызметтік тексеру жүргізген.
Тексеру қорытындысы бойынша тәрбиеші Қазақстан Республикасының Еңбек кодексінің 52-бабы 1-тармағы 14-тармақшасына сәйкес қызметінен босатылған. Аталған бапта тәрбиелеу қызметін атқаратын қызметкердің жұмысын жалғастыруға сыйыспайтын моральға жат қылық жасағаны айтылған.
Сонымен қатар балабақша меңгерушісіне, тәрбиешінің көмекшісіне және педагог-психологқа қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін тәртіптік жаза қолданылған.
Оқиғаға Ақмола облыстық Полиция департаменті де түсініктеме берді. Ведомствоның мәліметінше, ата-ананың арызы негізінде кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
"Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жалғасып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты әрі объективті анықтау үшін қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде", – деп хабарлады 2026 жылғы 25 мамырда ведомствоның баспасөз қызметі Zakon.kz тілшісіне.
Полиция өкілдерінің айтуынша, тергеу аяқталғаннан кейін түпкілікті процессуалдық шешім қабылданады.