Белгілі болғандай, ол психиатриялық есепте тұрған болып шыққан.
Осы жағдайдан кейін азамат сотқа жүгініп, медициналық мекеме мен облыстық денсаулық сақтау басқармасын оны психиатриялық есепке заңсыз қойған деп тануды және бұл деректерді психикалық аурулар жөніндегі ұлттық тіркелімнен алып тастауды талап еткен.
Медициналық мекеменің комиссиясы азаматтың есепке алынуы тиісті медициналық тексерусіз, белгіленген тәртіп бұзылып, қате енгізілген деген қорытындыға келген.
Алайда уәкілетті орган медициналық мекеменің деректерді ақпараттық жүйеден жою туралы өтінішін қараусыз қалдырған.
Медициналық мекеме өкілінің айтуынша, науқастың амбулаториялық картасы сақтау мерзімінің өтуіне байланысты жойылған, бірақ оны растайтын акт ұсынылмаған.
Ал денсаулық сақтау басқармасы бұл деректерді жою үшін азаматтың қайтадан дәрігерлік-консультациялық комиссиядан өтуі қажет екенін хабарлаған.
Істі қараған Абай облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты азаматты есепке қою заңсыз болған деген қорытындыға келген.
Сот жауапкерлердің тарапынан мынадай дәлелдер ұсынылмағанын атап өтті:
- азаматтың психиатриялық көмекке жүгінгені туралы мәліметтер;
- тиісті медициналық тексерудің жүргізілгені;
- клиникалық бақылаудың болғаны;
- пациенттің немесе оның заңды өкілдерінің келісімі.
Нәтижесінде сот медициналық мекеме мен денсаулық сақтау басқармасына азамат туралы мәліметтерді психикалық аурулар жөніндегі ұлттық тіркелімнен алып тастау міндетін жүктеді.