Мемлекет басшысы цифрландыруды тек технологиялық үрдіс емес, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі фактор екенін айтты.
"Ауыл шаруашылығын автоматтандыру өнімділікті арттырады, су ресурстарын үнемдейді, экологияға түсетін жүктемені азайтады. Мал шаруашылығында құжат айналымын толық жоятын және есептің ашықтығын арттыратын цифрлық жүйелер енгізілуде. Ел бойынша 650-ден астам "ақылды" ферма жұмыс істеп тұр. Олар автоматтандырылған сауу, азықтандыру және микроклиматты бақылау жүйелерімен жабдықталған", – деді Президент.
Оның айтуынша, егін шаруашылығында, соның ішінде тұқым шаруашылығында өнімді "егістіктен үстелге дейін" қадағалау жүйесі енгізілуде.
"Цифрлық жоспарлау мен болжам жасау мүмкіндіктерінің арқасында Қазақстан қатарынан екінші жыл 27 млн тонна деңгейінде рекордтық астық жинап отыр", – деді Тоқаев.
Сондай-ақ Президент ауыл шаруашылығы жерлерін толық цифрландыру жұмыстары жүріп жатқанын, агродрондар, спутниктік навигация және метеостанция деректерін қолдану кеңейіп келе жатқанын атап өтті. Бұдан бөлек, жерді пайдалануға беру процесі де электронды форматқа көшірілуде.
"Аграрларға мемлекеттік қолдау толық электронды форматқа көшіріледі, бұл сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтады. Ауыл шаруашылығын цифрландыру тәжірибесін кеңейту маңызды. Біздің күш-жігеріміз Еуразиялық экономикалық одақтың жаһандық азық-түлік нарығындағы позициясын нығайта алатын жоғары технологиялық бастамаларды қолдауға бағытталуы тиіс", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа агроөнеркәсіптік кешен саласындағы кооперациялық жобаларды қаржылық қолдау бөлімі бойынша енгізілетін өзгерістер бұл бағыттағы маңызды қадам екенін айтты.
"Мұндай технологиялық бастамаларды ауқымды қаржыландыру үшін Еуразиялық даму банкінің әлеуетін толық пайдалану қажет. Құрылғанына жиырма жыл болған бұл қаржы институты өзін Еуразиялық интеграцияның тиімді әрі сұранысқа ие құралы ретінде көрсетті. Біз жабық құрамдағы отырыста банктің басқарма төрағасының мазмұнды баяндамасын тыңдап, Еуразиялық даму банкі бұдан әрі де одақ кеңістігіндегі стратегиялық жобаларды іске асырудың негізгі қозғаушы күші болып қалуы тиіс деген ортақ пікірге келдік", – деп түйіндеді Қазақстан Президенті.
Еске салайық, 2026 жылғы 28 мамырда өткен Еуразиялық экономикалық форумның пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллекттің ЕАЭО елдерінің дамуына ықпалы туралы айтқан болатын.