Бибісара Асаубаева Қытайдағы шахматтан әлем чемпионатында Қазақстан намысын қорғайды

Сурет: Instagram/norway_chess
17-21 маусым аралығында Қытайдың Гонконг қаласында FIDE World Team Rapid and Blitz Championships 2026 командалық әлем чемпионаты өтеді. Бұл додада Қазақстан шахмат федерациясы Kazchess және Barys.kz атты екі командамен қатысады, деп хабарлайды Zakon.kz.

Sportarena.kz мәліметінше, Kazchess командасы рапид бойынша орташа рейтингі ең жоғары үш команданың қатарына кіреді. Команданың капитаны – Қазақстан шахмат федерациясының бірінші вице-президенті Дармен Сәдуақасов.

Команда сапында халықаралық гроссмейстерлер Бибісара Асаубаева, Қазыбек Ноғербек, Алдияр Ансат, Меруерт Камалиденова және әуесқой шахматшы Құмар Төлеупов өнер көрсетеді. Сонымен қатар құрамға әлемге танымал легионерлер – Шахрияр Мамедьяров, Александр Грищук, Рихард Раппорт және Ван Хао қосылған.

Қазақстанның екінші командасы – Barys.kz жарысты тоғызыншы нөмірмен бастайды. Оның капитаны – Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.

Barys.kz сапында тәжірибелі гроссмейстерлер Петр Свидлер мен Дмитрий Андрейкин, сондай-ақ жас қазақстандық шахматшылар Денис Махнёв, Рамазан Жалмаханов, Даниял Сапенов, Ерғали Сүлеймен, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман және әуесқой ойыншы Айлин Зарқым бақ сынайды.

Рапид турнирі 17-19 маусым аралығында өтеді. Қатысушылар швейцариялық жүйе бойынша 12 тур ойнайды. Уақыт бақылауы – 15+10, яғни әр партияға 15 минут және әр жүрістен кейін қосымша 10 секунд беріледі.

Командалық кездесулер алты тақтада өтеді. Әр команданың құрамында міндетті түрде бір әйел шахматшы мен Эло рейтингі 2000-нан төмен бір әуесқой ойыншы болуы тиіс.

Қазақстандық өкілдік тек Kazchess және Barys.kz командаларымен шектелмейді. Қазақстандық гроссмейстер Ринат Жұмабаев дәстүрлі түрде Сингапурдың Theme International Trading командасы сапында өнер көрсетеді.

ФИДЕ ұйымдастыратын рапид пен блиц бойынша командалық әлем чемпионаты 2023 жылдан бері өткізіліп келеді. Алғашқы турнир Дюссельдорфта өтсе, кейін жарысты Астана мен Лондон қалалары қабылдаған. Биыл Гонконгта 48 команда мен 400-ге жуық шахматшы бас қосады.

Рапид турнирінің жалпы жүлде қоры 310 мың еуроны құрайды. Чемпион атанған команда 110 мың еуро, күміс жүлдегер 70 мың еуро, ал қола жүлдегер 50 мың еуро алады.

Бұған дейін Бибісара Асаубаева мен Жавохир Синдаров Парижден жаңа фотосуреттерін жариялаған болатын.

Қазақстан
Астана
Асаубаева Бибісара

Оқи отырыңыз

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:

Танымал жаңалықтар

Бір мандатты округтер бойынша кімдер Мәжіліске өтті

Заң мен Тәртіп: Әділ қоғам негізі – қаржылық қауіпсіздік және құқықтық мәдениет

Павлодарда баласын азаптап өлтірген ер адам өмір бойына сотталды

"Қыздар.нет" сайты иелерінен қандай мүлік табылды

"Челси" Дастан Сәтбаевтың болашағына қатысты жоспарын жариялады