Еліміз бойынша ақбөкендердің жалпы саны шамамен 4 689 000 болады. Бұл өткен жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 17,9%-ға көп.
"Жайық және бетпақдала популяцияларындағы өсім қарқынының баяулауы түр санын реттеу шараларының әсерімен байланысты. Аталған шаралар аясында 196 173 бас жануар алынды. Бұл көлемдегі алу жұмыстары ақбөкендердің жалпы санының азаюына әкелген жоқ, алайда олардың одан әрі қарқынды өсуін тежейтін фактор болды. Сонымен қатар, 2025–2026 жылдардағы қыстың қолайсыз жағдайларының (жұттың) салдарынан өлім-жітім артқанын да ескеру қажет", - дейді зоологтар.
Үш популяция бойынша есепке алу жұмыстары 7–25 сәуір аралығында өткізілді. Әуесанақ нәтижесіне сәйкес:
- Жайық популяциясындағы киік саны шамамен 2 700 000 басқа жетті (2025 жылмен салыстырғанда өсім +17,4%).
- Үстірт популяциясында олардың саны шамамен 119 000 басты құрады (+52,6%),
- Бетпақдала популяциясында шамамен 1 870 000 басқа жетті (+16,9%).
Мамандар авиациялық санақ барлық жануарларды толық әрі тікелей санағы емес екенін, ол белгілі бір статистикалық қателік шегін қамтитын есептік бағалауға негізделетінін айтады.
"Соған қарамастан, алынған деректер ақбөкен популяциясының жалпы өзгеру үрдісін бағалауға және түрді басқару бойынша негізделген шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді", - дейді салалық қауымдастық.
Санақ жұмыстары Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің тапсырмасы бойынша РМҚК “ӨБ Охотзоопром” тарапынан ұйымдастырылды. Ұшу бағыттарын жоспарлау мен сандық есептеулерді қоса алғанда, ғылыми бөлігін АСБК жүзеге асырды.