Журналистер министрден Қазақстанда бірқатар елдердің тәжірибесін негізге алып, бастауыш сынып оқушыларын дәстүрлі бағалармен емес, стикерлер, түрлі түсті белгілер, жұлдызшалар және басқа да балама тәсілдер арқылы бағалау жүйесіне көшу жоспарланып отырғанын сұрады.
"2016 жылы критериалды бағалау жүйесі енгізілді, оның ішінде БЖБ мен ТЖБ бар. Қазір біз ауқымды талдау жұмыстарын бастадық. Байқап отырғанымыздай, бұл бағалау жүйесі енгізілген көптеген елдерде бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ өткізілмейді", – деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі талдау жүргізіп, бастауыш сыныптарда критериалды бағалау жүйесін мүлде алып тастау мүмкіндігін талқылап жатыр.
"Гүл, жұлдызшалар сияқты балама бағалау тәсілдеріне келсек, бұл мәселе әлі де қосымша талқыланып жатыр. Менің ойымша, осы сұраққа тамыз айында мұғалімдермен өтетін тамыз конференциясында нақты жауап береміз", – деп толықтырды Жұлдыз Сүлейменова.