Жобаға сәйкес, жекелеген жағдайларда медициналық қызметтерді сатып алу шарттары бойынша 10 пайыздық тұрақсыздық айыбын (неустойка) қолданудан бас тарту ұсынылады. Бұл ретте мемлекеттік бақылау, медициналық көмектің сапасын тексеру және заң бұзушылықтар үшін жауапкершілік тетіктері толық көлемде сақталады. Пациенттерге медициналық көмек көрсету тәртібі өзгермейді.
Министрліктің мәліметінше, негізгі жаңашылдықтардың бірі – рұқсат беру құжаттарынсыз медициналық қызмет көрсеткені анықталған жағдайда қолданылатын шарттық 10 пайыздық тұрақсыздық айыбы туралы норманы алып тастау.
Ведомствоның түсіндіруінше, бұл өзгеріс Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мен медициналық ұйымдар арасындағы шарттық қатынастарды жетілдіруге бағытталған. Сондай-ақ медициналық қызмет көрсетушілерге түсетін артық қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар министрлік 10 пайыздық тұрақсыздық айыбының күшін жою медициналық ұйымдардың жауапкершілігін алып тастамайтынын атап өтті.
Шарттардың орындалуын мониторингтеу, көрсетілген медициналық көмектің көлемі мен сапасын бақылау, медициналық қызметтерге сараптама жүргізу және анықталған заң бұзушылықтар үшін заңнамада көзделген жауапкершілік шаралары бұрынғыдай толық көлемде қолданылады.
Яғни медициналық ұйымдар тексеруден өтуді жалғастырады, ал заң бұзушылықтар анықталған жағдайда оларға заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қолданылады.
Ұсынылып отырған өзгерістер 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Бұйрық жобасы 2026 жылғы 27 шілдеге дейін қоғамдық талқылау үшін "Ашық НҚА" порталында жарияланған.