Синоптиктердің мәліметінше, республиканың басым бөлігінде синоптикалық жағдай өзгереді.
"Солтүстік-батыс циклоны мен оған байланысты атмосфералық фронттардың әсерінен еліміздің батысында, солтүстігінде, орталығында және шығысында ауа райы құбылмалы болады. Жаңбыр жауып, найзағай ойнайды. 16-17 шілдеде кейбір өңірлерде қатты жаңбыр жауып, бұршақ түсіп, екпінді жел соғуы мүмкін", – делінген "Қазгидромет" хабарламасында.
Метеорологтардың болжамынша, жауын-шашынның әсерінен еліміздің батысында аптап ыстық біртіндеп бәсеңдеп, күндіз ауа температурасы +22...+35 градус аралығында болады. Солтүстік өңірлерде ауа температурасы +21...+36 градусқа дейін төмендейді. Ал республиканың орталығы мен шығысында +41 градусқа дейінгі қатты ыстық сақталады.
Ал еліміздің оңтүстігі, оңтүстік-шығысы және оңтүстік-батысының жекелеген аудандарында Орталық Азиядан келетін ыстық ауа массаларының ықпалы жалғасады.
"Бұл өңірлерде негізінен жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Тек оңтүстік-шығыстың таулы аймақтарында қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болуы мүмкін. Күндіз ауа температурасы +41...+46 градусқа дейін жетеді, бұл климаттық нормадан жоғары", – деп мәлімдеді "Қазгидромет".
Еске салайық, бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі елде сақталған аптап ыстыққа байланысты тұрғындарға ескерту жасап, жылу өтудің қауіпті екенін айтып, оның белгілері мен алғашқы көмек көрсету жолдарын түсіндірген болатын.